МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен
оқушыларына арналған Интернет-ресурс
  • 2.png
  • 3.png
  • temp.png

Құрметті достар!
Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен оқушыларына арналған «Мырзашөл өңірінің білім әлемі» атты арнайы maqtaaral-bilim.kz
Интернет-ресурсын ашып отыр.

Толығырақ...

"ЗЕРТТЕУШІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ

Екі күннен кейін, 20 маусымда басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры ЖАҚЫП Мырзантай Қожабайұлының sputniknews.kz Интернет-сайтының тілшісі, талантты журналист ТОҚТАМҰРАТ Кенжекейдің сұрақтарына берілген жауаптары

К. ТОҚТАМҰРАТ:

Мырзантай Қожабайұлы, жыл айналып Ұлттық бірыңғай тестілеудің де уақыты жетті. Бұл науқанның биылғы дайындығына қандай баға берер едіңіз? Қандай да бір реформалар бар ма, хабардарсыз ба?

 

М.Қ. ЖАҚЫП:

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) және мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде біраз өрескел кемшіліктер жіберіп алғаны ешкімге де құпия емес. Соның ең бастысы – мектеп бітірушілерді «Алтын белгімен» марапаттау құқығы мектептерге берілген соң әртүрлі әдіс-тәсілдермен үздік атанған түлектердің саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі есеге дейін көбейіп кетті. Өйткені «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты нормативтік құқықтық құжаттар толық қабылданбай, жарым-жартылай қалпында қалып қойған еді.

Министрлік былтыр «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмей жатып, жыл бойы «Алтын белгі» иегері атанған талапкерлердің ешқандай басым құқықтары болмайды, оларға тек басқа түлектермен ҰБТ-да жинаған баллы бірдей болған жағдайда ғана артықшылық беріледі» деп айтып келді. «Алтын белгіні» мектептен алып алған біраз талапкерлер ҰБТ кезінде бар болғаны 50-55 балл ғана жинағанымен, сол кездегі заңнамаға сәйкес мемлекеттік білім грантына ие болды да, білім сынағында жоғары балл алған, шын мәнінде үздік нәтиже көрсеткен көптеген түлектер тегін оқуға түсе алмай, далада қалды. Ақыр аяғында министрлік мемлекеттік білім гранттарын бөлу жұмысын екі рет жүргізуге мәжбүр болды.

Бұл жөнінде біз де бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде және әлеуметтік желіде бірнеше рет дабыл қағып, ой-пікірімізді жариялағанбыз. Соның нәтижесі болуы керек, Үкіметіміз бен салалық министрлік «Талапкер-2018» науқаны қарсаңында ертерек қамданғаны байқалады.

Біріншіден, «Ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің бейіндік пәндері көрсетілген мамандықтар тізбесі және кешенді тестілеудің жалпы бейіндік бейіндік пәндері көрсетілген мамандықтар тізбесіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған дейін «жастарға ағылшын тілін оқытамыз» деген себеппен шет тілін қисынға келсе де, келмесе де, көптеген мамандықтарға бейіндік пән ретінде қосып тастаса, енді ол ең қажеттеріне ғана қалдырылды.

Екіншіден, «Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына» тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес енді талапкерлерге ҰБТ немесе КТ нәтижелері туралы сертификаттармен бірге мамандықтар тізбесі, ағымдағы жылы бөлінген білім беру гранттарының саны және өткен жылғы білім беру гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын арнайы ақпараттық парақтар қоса беріледі. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына оқуға түсуші талапкерлерге таңдаған жоғары білім мамандықтары мәселелері бойынша консультация беру, тестілеу рәсімімен таныстыру секілді міндеттер жүктелді.

Үшіншіден, 2018-2019 оқу жылына арналған мамандықтар бөлінісіндегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы биыл бұрынғы жылдарға қарағанда ертерек жарияланды. Бұған дейін қандай мамандыққа қанша мемлекеттік білім гранты бөлінгені жөніндегі толық мәлімет талапкерлер ҰБТ мен кешенді тестілеу сынағынан өтіп, конкурсқа құжат тапсыратын кезде ғана белгілі болушы еді. Ал биыл бұл ақпарат мамыр айының ішінде ресми түрде жарық көрді.

Төртіншіден, Үкіметіміздің арнайы қаулысына сәйкес «Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына» біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, «5В010300 – Педагогика және психология» және «5В021100 – Теология» мамандықтары шығармашылық емтихан тапсыру талап етілетін мамандықтар бөліміне қосылды.

Бесіншіден, «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 5-тармағына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді «Алтын белгі» иегерлерінің, колледжден кейін бір жыл жұмыс істеген талапкерлердің және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстары жеңімпаздарының бiлiм беру гранттарын алуға конкурс кезiнде басқа түлектермен баллы тең болған жағдайда ғана артықшылық құқықтары бар.

 

К. ТОҚТАМҰРАТ:

Білім беру жүйесінде, өкінішке қарай, қарапайым ауыл ата-анасы, оқушы біле бермейтін «құпиялар» бар. Соның бірі – көп балл ала алса да, грантқа іліне қалмаған балалардың тағдыры. Осы аз балмен грантқа түсіп, көп баллын дұрыс қолдану жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп беріңізші.

 

М.Қ. ЖАҚЫП:

Талапкерлердің ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштері жыл сайын ҰБТ өткізу пункттерінде 10 наурыз бен 10 мамырда, ал кешенді тестілеуге (КТ) қатысу үшін өтініштері желілік ЖОО-лардың қабылдау комиссияларында 1-20 маусымда жүргізіледі. ҰБТ – 20 маусым мен 1 шілде, ал КТ – 14-18 шілдеде өткізіледі. Яғни осы аптаның сәрсенбісінде ҰБТ басталады.

Өкінішті жағдайдың бірі – ауылда тұратын қарапайым ата-аналардың көпшілігінің есіне ҰБТ ұл-қыздары мектеп бітірейін деп жатқан кезде ғана түсетіні де жасырын емес. Ауыл мектептерінің білім беру сапасы да көңіл көншіте қоймайды. Сол секілді ата-аналардың басым көпшілігі барлық жауапкершілікті мектеп мұғалімдерінің мойнына артып қойып, оқушыларды да солар оқытып берсе, университетке де солар түсіріп берсе деп, мемлекеттің көмек беруін талап етіп, ал өздері қол қусырып қарап отырғысы келеді.

Біздіңше, балаларының жоғары оқу орындарына түсіп, сапалы білім алуына ең алдымен әке-шешенің өзі мүдделі болуы тиіс.

Сондай-ақ ауыл мектептерінде ата-аналармен және мұғалімдермен бірлесе отырып жоғары оқу орындарына түскісі келетін оқушылар арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын мықтап қолға алғанымыз жөн. Талапкерлерге кәсіптік бағдар беру уақытша және науқандық жұмысқа айналып кетпей, ол тұтас оқу жылы бойы жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Мектептерде оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу педагог қызметкерлердің үлкен ізденісі мен өте көп уақытын талап етеді. Сол себепті бұл іске ата-аналар да белсенді түрде атсалысуы тиіс.

Қалай да мемлекеттік білім грантына қол жеткізсем деп армандайтын ауыл баласы ҰБТ-ға дайындықты ертерек, 9-10 сыныптардан бастауы керек. Мектептегі мұғалімдеріне ғана сеніп жүре бермей, қосымша курстарға барып, өз бетінше көбірек ізденіп, өзінің таңдаған мамандықтарына орай міндетті және бейіндік пәндерді тереңірек оқып, байыпты білім алуы қажет.

Ал тікелей ҰБТ тапсыру кезінде бөлінген уақытты тиімді пайдаланып, алдымен өзі өте жақсы білетін, дұрыс екеніне көзі жетіп тұрған сұрақтардың жауаптарын ең алдымен белгілеп, қиын сауалдарға содан кейін кіріскені дұрыс.

Конкурсқа құжат тапсыратын кезде қандай мамандыққа және қай жоғары оқу орнына қанша орын берілгенін анықтап, бұрынғы жылдардағы көрсеткіштермен мұқият танысып, алдын-ала сарапқа салып алса, құба-құп.

Биылғы жылдың наурыз айында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Осы үндеуде атап көрсетілгеніндей, жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлініп отыр. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі.

ҰБТ тапсыруға барайын деп отырған мектеп түлектеріне Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамаларында айтылған инженерлік, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдауға кеңес берер едім.

К. ТОҚТАМҰРАТ:

Білуімше, сіз талапкерлердің оқуға түсуіне көмектесетін, яғни жан-жақты кеңес беретін орталыққа жетекшілік етесіз. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз.

 

М.Қ. ЖАҚЫП:

Өзім де ұл-қыз өсіріп отырған ата-ана ретінде балаларым мектеп бітіретін кезде көп нәрсеге көз жеткіздім. Елімізде жоғары білім алғысы келетін жастарға бағыт-бағдар беретін мекемелер жоқтың қасы екенін байқадым. Осыдан он жылдай бұрын жоғары оқу орындарына түскісі келетін талапкерлерге кәсіптік бағдар беру, білім саласындағы ақпаратқа қол жеткізу, педагог қызметкерлерге, жас ғалымдарға, жас мұғалімдерге, студенттерге және мектеп оқушыларына ғылыми-әдістемелік көмек көрсету, заңдық және құқықтық кеңес беру қызметін жүзеге асыру мақсатында «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығын құрып, жұмыс істеп келе жатырмыз.

Біздің орталық – кiрiс түсiру негiзгi мақсаты болып табылмайтын және алынған таза кiрiстi қатысушылар арасында бөлмейтiн, коммерциялық емес ғылыми-зерттеу, ғылыми-білім беру, оқыту-кеңес беру, заңдық және құқықтық кеңес беру, редакциялық-баспа ұйымы ретінде осыған дейін мемлекеттік органдардан бір тиын да көмек алған емеспіз.

Біз Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен тығыз ынтымақтастықта болғымыз келеді. Алайда министр Ерлан Сағадиев білім және ғылым саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) салқын қабақ танытып келе жатқанын ашық айтқым келеді. Аталған министрліктің ҮЕҰ-мен өткізілген жиын-жиналыстарына қатысу үшін Ерлан Сағадиевтің атына бірнеше рет хат жаздық. Білім және ғылым министрлігінің басшылары бізден ат-тондарын ала қашатын секілді болып көрінеді.

Өткен жылы «Алтын белгі» иегерлерінің басым құқықтарына байланысты және мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде талапкерлер мен ата-аналар тарапынан наразылық туған кезде біз министрліктің жіберген өрескел кемшіліктерін көрсетіп, өзіміздің нақты ұсыныстарымызды бердік. Білім және ғылым саласындағы нормативтік құқықтық құжаттардың жобаларын дайындау барысындағы олқылықтарды үнемі айтып, жазып отырамыз. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келе жатырмыз. Осындай белсенді іс-әрекеттеріміз кейбіреулерге ұнамайтын болуы керек.

Соған қарамастан, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында сөйлеген сөзінде берген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде құрылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету бойынша ағартушылық жобаларының жоспарын құру және талқылау бойынша жұмыс тобының құрамына қабылданып, өзіміздің көптеген ұсыныстарымызды бердік.

Жақында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастырып отырған қоғамның әлеуметтік мәселесін шешуге арналған «Asar» үш жақты ынтымақтастық форумы аясындағы әлеуметтік жобалар платформасына үш әлеуметтік жоба ұсындық. Осы жобалардың бірі мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізуге арналған.

Егер біздің жобаларымызды қаржыландыруға ниет білдірген бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер табылса, біз қарапайым ауыл мектептерінің оқушылары мен мұғалімдеріне тегін қызмет көрсетуге дайынбыз.

Біз үшін тағы бір өте жағымды жаңалық: жуырда елімізде жаңа мемлекеттік орган – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, т.б. салаларда басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі құрылмақшы.

Біз білім және ғылым саласындағы үкіметтік емес ұйым ретінде осы құрылғалы жатқан Қоғамдық даму министрлігінен үлкен үміт күтіп отырмыз.

К. ТОҚТАМҰРАТ:

Биылғы ҰБТ-ға қандай да бір болжам жасауға бола ма? Жалпы, ҰБТ дау-дамайсыз өтетін жыл болады деп ойлайсыз ба? Осы жүйені қорқынышқа айналдырып жіберген қандай кемшіліктерді атай аласыз?

 

М.Қ. ЖАҚЫП:

Ерекше атап көрсеткіміз келетін мәселе – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-ның бізге берген ресми ақпаратына сүйенсек, 2018 жылғы 4-13 маусым аралығында жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарына арналған пәндер бойынша тест тапсырмаларының сараптамасы жүргізілді. Тест тапсырмаларының сараптамасын өткізуге мектеп мұғалімдері мен отандық жоғары оқу орындарының оқытушылары – әртүрлі пәндер салалары бойынша 57 сарапшы жұмылдырылды.

Сараптаманың мақсаты – 2019 жылғы жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарына арналған тест тапсырмаларын сапалы және уақытылы дайындау. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындарына түсушілердің нәтижелерінің шынайы және әділ болуын қамтамасыз етеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Үкіметіміз «Талапкер-2018» науқанының қарсаңында өткен жылы ерекше дау туғызған біраз мәселелер бойынша тиісті ресми құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Мұның барлығы ҰБТ мен кешенді тестілеу кезінде пайда болуы мүмкін әртүрлі түсініспеушіліктің алдын алуға бағытталған.

Бұл жүйені қорқынышқа айналдырып жіберетін басты себептердің бірі – білім саласына қатысты қажетті және маңызды ақпараттардың қарапайым халыққа толық және жүйелі жеткізілмеуі. Талапкерлер арасында ҰБТ және кешенді тестілеу бойынша ережелер мен құжаттарды түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттау іс-шараларын дер кезінде және сапалы ұйымдастырып, жүзеге асыруға тиіспіз. Сонда білім шыңына ұмтылған жас түлектер мен ата-аналар арасындағы әртүрлі дау-дамай да азаяр еді.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

 David Pastrnak Jersey

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ
РЕСМИ САЙТЫ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ
ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

"ДАРЫН" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

"МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ - ИНДУСТРИЯҒА"
БАҒДАРЛАМАСЫ