МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен
оқушыларына арналған Интернет-ресурс
  • 2.png
  • 3.png
  • temp.png

Құрметті достар!
Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен оқушыларына арналған «Мырзашөл өңірінің білім әлемі» атты арнайы maqtaaral-bilim.kz
Интернет-ресурсын ашып отыр.

Толығырақ...

"ЗЕРТТЕУШІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ

Елбасымыз ұсынған Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Қазақстанның оңтүстігіндегі Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізу – уақыт күттірмес міндетіміз

Мәселенің өзектілігі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Елбасының тұжырымы бойынша бұл жоба білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

«...Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады...

...Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?

Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - дейді Елбасы Н.Ә. Назарбаев [1].

1997 жылғы 10 желтоқсанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «1998 жылды Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы» №3790 Жарлығы жарық көрді. Мұндағы мақсат – жалпы ұлттық татулық пен ұлттық тарихты зерделеудi қамтамасыз ету болатын. Осыған орай арнайы Мемлекеттiк комиссия құрылып, елдi мекендердің атауларын тарихи ақиқатқа сәйкес келтiру, жаңа мемориалдар салу және тарихи маңызы бар мемориалдарды тиiстi қалпына келтiру көзделді, бұған мемлекеттік бюджеттен арнайы қаражат бөлінді [2].

Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының кейбiр мәселелерi туралы» 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығымен Асықата, Жетiсай, Мақтаарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкiмшiлiк орталығы Жетiсай қаласында болатын Мақтаарал ауданы құрылды [3].

Кеңестік цензураның қатаң сүзгісінен тайсалмай, «Түркістан жинағын» зерттеп, ондағы қазақ халқының тарихына қатысты баспасөз материалдарын алғаш рет ғылыми айналымға түсіру ісіне жол ашқан ғалымдардың қатарында көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмаханов ерекше орын алады. Е. Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты іргелі еңбегінде «Түркістан жинағы» пайдаланылғанын» жазған [4].

Қазақстан туралы дереккөздерінің арасында төңкеріске дейінгі Ресейдің көрнекті библиограф-өлкетанушысы В.И. Межовтың «Туркестанский сборник сочинений и статей, относящихся до Средней Азии вообще и Туркестанского края в особенности» («Түркістан жинағы») атты еңбегі ерекше орын алады. Бұл жұмысты библиограф-өлкетанушы В.И. Межов 1867 жылы Түркістан өлкесінің тұңғыш генерал-губернаторы К.П. Кауфманның арнайы тапсырмасы бойынша орындаған. Орташа есеппен жыл сайын 20 томнан дайындалып отырған «Түркістан жинағының» 1888 жылы 416 томы жарық көрді.

Жинақты құрастыру жұмыстары әртүрлі кезеңдердегі үзілістермен жалғасып, 1917 жылға дейін жалпы саны 591 томды құрады.

1939 жылы Е.К. Бетгердiң басшылығымен «Түркiстан жинағының» тағы да үш томы құрастырылады. Оған 1917 жылға дейiн М.А. Терентьев әзiрлеген «Орта Азияны жаулап алу тарихы» деп аталатын еңбек карталарымен және жоспарларымен бiрге енгiзiледi.

Осылайша Түркiстан өлкесiнiң 1917 жылғы Қазан төңкерiсiне дейiнгi өмiрi туралы барлығы 10.710 кiтап материалы, газет-журнал мақалаларының қиындысы топтастырылған, тұтас алғанда, 594 томнан тұратын «Түркiстан жинағы» өмiрге келедi.

Арадағы біраз үзілістен кейін тек ХХ ғасырдың 60-жылдарында ғана Қазақстан ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының директоры Н.Б. Ахметованың басшылық етуімен «Түркістан жинағындағы» еліміз туралы деректердің мазмұндалған библиографиялық көрсеткішін жасау қолға алынды. Аталған кітапхананың жетекші мамандары бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттердің кітапханаларына іссапарға жіберіліп, патшалық Ресей тұсында басылып шыққан газет-журнал тігінділері мен кітаптардың көшірмелері әкеліне бастады.

Жинақталған мол материалдардың негізінде «Түркістан жинағындағы» Қазақстан» деген жалпы атаумен 20 каталог жәшігінен тұратын өлкетану картотекасы жасалды. Одан кейінгі жылдарда қаржының жетіспеуінен туған қиындықтар, зерттеуге ұсынылған тақырыптардың сан-алуан ауқымы, картотеканы толықтыруға қажетті материалдарды жинақтап, әкелу үшін тиісті іссапарлардың ұйымдастырылмауы, баспа өнімдерін басып шығаруға арналған құрал-жабдықтардың болмауы және басқа да мәселелер қолбайлау болып, соның салдарынан Қазақстан ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының бұл бағыттағы ғылыми ізденістері қырық жылдай уақыт тоқтап қалды. Ал, қолда бар материалдар қызмет бабындағы картотека күйінде ғана қалып қойып, ғылыми зиялы қауымның оларды кеңінен пайдалануына мүмкіндігі шектеулі болды [5].

Жаңа ғасырдың бас кезіндегі қоғамды ақпараттандыру, дерек, мәліметтер алу әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсу үрдісі соны сипатқа ие болуы «Түркістан жинағының» картотекасын толықтыру ісіне жаңа серпін берді.

2000 жылы Қазақстан ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының Ғылыми кеңесі бұрын жинақталған картотекаларды өңдеуді одан әрі жалғастыру және «Түркістан жинағының» мазмұндалған библиографиялық көрсеткішін жасау туралы шешім қабылдады. Кітапхананың ғылыми-библиографиялық бөлімі мамандарынан тұратын жұмыс тобы құрылып, осы жұмысты жүйелі жүргізуге қолғабыс беру үшін жинақ картотекаларының негізгі құрастырушысы және авторы Э.И. Иванчикова шақырылды.

Кезінде қажетті материалдарды қағазға түсіріп, көшіру, ғылыми жүйеге түсіру секілді бір қарағанда жеңіл-желпі сияқты болып көрінгенімен, аса ұқыптылық пен үлкен жауапкершілікті қажет ететін маңызды шаруаның бастауында Э.И. Иванчиковамен бірге Н.А. Голикова, Н.Р. Кураева, Ү.Х. Субханбердина, М.К. Чутаева, Г.А. Демешова және басқа библиографтар болды. Ал, кейінгі уақытта осы аталған ғалым-зерттеушілердің бастамасын Л.А. Туманова, Т.В. Вдовухина, Л.Д. Абенова, А. Бөрібаева одан әрі жалғастырды [6].

Соның нәтижесінде 2002 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының Ғылыми-библиографиялық бөлімі «Түркістан жинағындағы» Қазақстан туралы деректердің мазмұндалған библиографиялық көрсеткіштерін «Казахстан на страницах «Туркестанского сборника» [7] деген атаумен орыс тілінде басып шығарды.

2003 жылы Алматы қаласындағы «Ғылым» ғылыми-баспа оталығында «Түркістан уалаятының газеті. Әдебиет, тарих, мәдениет, саясат (1870-1882)» атты жинақ басылып шықты. Бұл жинақта 1870-1882 жылдар аралығында Ташкент қаласында тұңғыш рет қазақ тілінде Түркістан губерниясы әкімшілігінің тарапынан шығып тұрған «Түркістан уалаятының газетінде» жарияланған қазақ елінің саяси өмірі, мәдениеті, әдебиеті, тарихы, шаруашылығы мен әлеуметтік мәселелері туралы деректердің мәтіндері түпнұсқа ретінде негізінде ұсынылған [8].

«Туған жер» жобасының аясында «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізу» атты ғылыми жобаның жетекшісі М.Қ. Жақып 1997 жылы «Туркестанские ведомости» газетінде патшалық Ресейдің Мырзашөлді отарлау саясатының жазылуы» атты тақырыпта диссертация қорғады. Диссертациялық жұмыс «Туркестанские ведомости» газетінің 1870-1917 жылдар аралығында жарық көрген материалдарын жан-жақты зерттеуге және ғылыми талдауға арналды.

Автор әкімшілік-аумақтық жағынан 1917 жылға дейін Түркістан генерал-губернаторлығының Самарқан және Сырдария облыстарына (Қожент уезінің Иіржар болысы; Жызақ уезінің Атақорған, Көктөбе, Шардара болыстары; Ташкент уезінің Жаушықұм және Шыназ болыстары; қазіргі Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал және Шардара аудандарының; Өзбекстан Республикасының Самарқан, Сырдария, Жызақ және Ташкент облыстарының; Тәжікстан Республикасының Соғды облыстарының аумақтары) қарап тұрған Мырзашөл өңіріндегі патшалық Ресейдің отарлау саясатын бейнелейтін газет жарияланымдарын іріктеп алып, қарастырды.

«Туркестанские ведомости» газетінің саяси бағыт-бағдары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көріп тұрған «Түркістан уалаятының газеті», «Туркестанская туземная газета» мерзімді басылымдарымен журналистика тарихы тұрғысында салыстырылып, қарастырылды. Патшалық Ресейдің Мырзашөл өңіріндегі отарлау саясатын жазуға арналған газет материалдарының жанрлық ерекшеліктері (заметка, корреспонденция, мақала және т.б.) мен тақырыптары тұңғыш рет нақтыланып, талқыланды. Мырзашөл өңірінде болған тарихи оқиғалар кезең бойынша жүйеленіп, жарияланым авторларының сол оқиғаларға деген көзқарастары зерттелді. Жоғарыда аталған газетпен бірге Санкт-Петербор, Ташкент және басқа қалаларда жарық көрген ғылыми басылымдар, кітаптар қарастырылды [9].

Біз «1998 жылды Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 12 желтоқсандағы №3790 Жарлығы жарық көруіне байланысты біз 1997-1998 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл аймағын игерудің тарихы» атты ғылыми-зерттеу жұмыстарының арнайы жоспарын жасаған болатынбыз.

Алайда жергілікті атқарушы билік органдары тарапынан қолдау болмағандықтан, тек қана жоғарыда аталған «Туркестанские ведомости» газетінде патшалық Ресейдің Мырзашөлді отарлау саясатының жазылуы» атты диссертациялық зерттеудің негізінде 1998 жылы біздің «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми монографиялық еңбегіміз жарық көрді [10].

1998 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев Жетісай қаласына келген ресми сапарында сол жылы жарық көрген біздің «Мырзашөлім – мырза елім» атты монографиямызбен тікелей өзі танысып, жақсы баға берген.

Сонымен бірге 2005 жылы біздің «Түркістан өлкесі баспасөзінде патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатының жазылуы (1870-1917 жылдар)» атты ғылыми монографиялық еңбегіміз жарық көрді. Бұл ғылыми монографияда 1870-1917 жылдар аралығында Түркістан генерал-губернаторлығының ресми орталығы Ташкент қаласында жарық көріп тұрған «Туркестанские ведомости» газетінде жарияланған материалдар негізінде патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстандағы Мырзашөл өңірін отарлау саясатының сипатына ғылыми сараптама жасалған [11].

Кеңес Одағы кезінде, ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан аумағында орналасқан Мырзашөл өңірінің игерілу тарихы туралы кеңес үкіметінің тапсырысымен еңбектер жазылып, жарық көрген [12].

Алайда, бұл еңбектердің басты ерекшеліктері – олардың барлығы кеңестік идеология тұрғысынан жазылған.

Жергілікті атқарушы билік органдарының жіберген кемшіліктерінің салдарынан Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының кейбiр мәселелерi туралы» 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығымен Асықата, Жетiсай, Мақтаарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкiмшiлiк орталығы Жетiсай қаласында болатын Мақтаарал ауданы құрылған кезде аудан атауы қате – «Мақтарал» деп жазылып кеткен. Сол себепті Мырзашөл өңіріндегі Мақтаарал ауданының ресми атауының транскрипциясын бұрынғы тарихи дұрыс қалпына келтіріп, нақтылау мен өзгерту, ауданның ресми атауын қазіргідей «Мақтарал» деп емес, Мақтаарал деп дұрыс жазу мәселесі оң шешімін табуы қажет.

Елбасымыз ұсынған Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Қазақстанның оңтүстігіндегі Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналып, біздің жасап шыққан жобамыздың бағыты – Қазақстан тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, халыққа білім беру және педагогика, бұқаралық коммуникация, журналистика, бұқаралық ақпарат құралдары, өлкетану, өңір тарихы, туған жер, мерзімді баспасөз тарихы.

Жоба идеясы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілген Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасына сәйкес «Туған жер» жобасын іске асыру, соның ішінде шетелде іске асыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Жобаның мақсаты:

- «Түркістан жинағындағы» (1867-1939) Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында орналасқан Мырзашөл және Қызылқұм өңірлері туралы тарихи деректер мен әдеби шығармаларды баспасөз тарихы және өлкетану тұрғысынан кешенді зерттеу;

- 1917-2017 жылдардағы баспасөз және библиографиялық дереккөздеріндегі Қазақстанның Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін игерудегі жетістіктері туралы тарихи мәліметтерді сараптау;

- Мырзашөл және Қызылқұм өңірлеріндегі Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал, Шардара аудандары мен Арыс қаласының мектептері мен колледждерінің оқушыларына арналған «Өлкетану негіздері» кешенді білім беру бағдарламасының ғылыми тұжырымын жасау.

Жобаның алға қойылған мақсатына қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді жүзеге асыру жоспарланып отыр:

- «Түркістан жинағында» жинақталған газет-журналдар мен жинақтардағы қазақ халқы мен қазақ даласы туралы материалдардың мәтіндерін сараптау;

- «Түркістан жинағындағы» қазақ халқы мен қазақ даласы туралы материалдар жариялаған газет-журналдар мен кітаптардың анықтамалығын жасау;

- «Түркістан жинағындағы» қазақ атаулары мен ұғымдарының көрсеткіштерін жасау;

- Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерінің 1917-2017 жылдардағы игерілу тарихы туралы архивтік және баспасөз материалдарына зерттеу жүргізу;

- «Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерінің игерілу тарихы» (1917-2017) атты ғылыми монографиялық зерттеу еңбегін жарыққа шығару;

- Отандық және халықаралық басылымдарда Қазақстанның Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін игерудегі жетістіктерін шетелге танытуға арналған ғылыми мақалалар жариялау;

- Осы өңірдің танымал ақын-жазушыларының әдеби туындыларын жинақтау, өңірдегі ежелгі археологиялық, тарихи, ғимараттық құрылыс, сәулет және монумент өнері ескерткіштерінің деректік көрсеткіштерін жасау;

- Өңірдің табиғаты, ауа райы ерекшелігі, флорасы мен фаунасы, шикізат қоры, өндірісі туралы мәліметтер жинақтау;

- Өңірде туып-өскен, елімізге еңбек сіңірген және осы өңірдің игерілуіне ерекше үлес қосқан ардақты азаматтар туралы, әртүрлі ұлт өкілдерінің достығын, жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісімді дәлелдейтін мәліметтерді жинақтап, жүйелеу және жариялау;

- Өңірдің тарихы, мәдениеті, әдебиеті, экономикасы, географиясы туралы ғылыми-энциклопедиялық жинақ, білім беру ұйымдарына арналған өлкетану бойынша оқулық жазып, жариялау.

Жобаның ұлттық және халықаралық ауқымдағы маңызы. Жобаның зерттеу тақырыбы мен нысаны:

- Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру;

- Қазақстанның одан әрі қарышты мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету;

- «Туған жер» жобасын іске асыру, соның ішінде шетелде іске асыру жөніндегі іс-шаралардың оқиғалар қатарын әзірлеу;

- Жобаның іс-шараларын республикалық және өңірлік БАҚ-та ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету;

- «Туған жер» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың өңірлік жоспарларын әзірлеу;

- ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасына енетіндерін қоса алғандағы Қазақстанның киелі орындарының картасын қалыптастыру;

- «Қазақстанның киелі белдеуі» нысандарын зерделеу және дәріптеу, олардың туристік қызмет нысандары ретінде тартымдылығын арттыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;

- Зиярат ету, мәдени-танымдық және этнографиялық сияқты басымдық бағыттарды қоса отырып ішкі туризмді дамытудың жеке бағдарламасын әзірлеу;

- Қазақстанның туристік әлеуетін танымал ету жөніндегі республикалық интернет-конкурс ұйымдастыру;

- «Қазақстанның киелі белдеуі» нысандары мен туристік бағыттарды ілгерілету үшін мультмедиалық өнімдер (фильмдер, роликтер, жолнұсқалар, постерлер) шығару мен жетекші республикалық және өңірлік БАҚ-та, интернет-платформаларда, соның ішінде шетелдік ақпараттық ресурстарда орналастыруды қамтамасыз ету тұрғысынан аса маңызды болып табылады.

Жобаның тақырыбы бойынша халықаралық және отандық ғылыми басылымдарда мақалалар жарияланып, монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру Қазақстан тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, халыққа білім беру және педагогика, бұқаралық коммуникация, журналистика, бұқаралық ақпарат құралдары, өлкетану, өңір тарихы, туған жер, мерзімді баспасөз тарихы ғылыми салалары бойынша еліміздің зияткерлік мүмкіндіктерін арттыруға, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ғылыми тиімділікбілім беру саласындағы ғылымды одан әрі дамытуға арналған жаңа ғылыми-әдістемелік білімді арттыру арқылы қол жеткізілетін болады.

Жобаның ғылымды дамытуға ықпалы және күтілетін әлеуметтік әсері. Қазақстан тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, халыққа білім беру және педагогика, бұқаралық коммуникация, журналистика, бұқаралық ақпарат құралдары, өлкетану, өңір тарихы, туған жер, мерзімді баспасөз тарихы ғылыми салалары бойынша отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу негізінде білім мен ғылымды біріктіру жолымен инновациялық қызмет жүзеге асырылады. Импакт-факторы бар ғылыми журналдарда жарияланымдары бар профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің үлесі артады.

Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Ә. Назарбаев ұсынған Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы, «Туған жер» жобасы, жалпыұлттық патриотизм, туған жерге деген сүйіспеншілік, туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезім идеялары тұрғысынан «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі біздің жобамыздың көтерер жүгі қажетті және өте өзекті болып табылады.

 

Библиография

1. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы. – 12 сәуір 2017 // http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy

2. «1998 жылды Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 12 желтоқсандағы №3790 Жарлығы // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U970003790_

3. «Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U970003474_

4. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы: Санат, 1994. – 416 б.

5. Казахстан на страницах Туркестанского сборника: аннотированный библиографический указатель литературы / Сост. Э.И. Иванчикова. – Алматы, 2002. – 555 с. – ISBN 9965-473-24-2; Нұрпейіс К. «Түркістан жинағындағы» Қазақстан жайлы деректер // Қазақ әдебиеті. – 2003. – 21 ақпан.

6. Нұрпейіс К. «Түркістан жинағындағы» Қазақстан жайлы деректер // Қазақ әдебиеті. – 2003. – 21 ақпан.

7. Казахстан на страницах Туркестанского сборника: аннотированный библиографический указатель литературы / Сост. Э.И. Иванчикова. – Алматы, 2002. – 555 с. – ISBN 9965-473-24-2.

8. Түркістан уалаятының газеті. Құрастырушылар: Ү.Х. Субханбердина, П.Т. Әуесбаева (жауапты шығарушы), Т.К. Әлібек, С.Қ. Қосан, Т.Т. Әкімова. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2003. – 602 б. – ISBN 9965-07-262-0.

9. Жақыпов М.Қ. «Туркестанские ведомости» газетінде патшалық Ресейдің Мырзашөлді отарлау саясатының жазылуы. – Мамандық: 10.01.10 – Журналистика. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 1997. – 30 б.

10. Жақып М. Мырзашөлім – мырза елім. – Алматы: Әл-Фараби, 1998. – 256 б. – ISBN 9965-444-15-3.

11. Жақып М.Қ. Түркістан өлкесі баспасөзінде патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатының жазылуы (1870-1917 жылдар). «Туркестанские ведомости» газетінің материалдары негізінде: Монография. Ғылыми басылым. – Шымкент, 2005. – 248 б. – ISBN 9965-9720-1-Х.

12. Арыстанбеков Х. Голодная степь сегодня и завтра. – Алма-Ата, 1958; Освоение Голодной степи. – М., 1963; Галузо П.Г. Аграрные отношения на Юге Казахстана в 1867-1914 гг. – Алма-Ата: Наука, 1965; Шерстобитов В.П. Народное движение за освоение Голодной степи (1939-1941 гг.). – Фрунзе: Издательство «Илим», 1967; Алдабергенов А. Очерки истории освоения Голодной степи 1918-1968. – Алма-Ата, 1970; Абдунабиев А. По проекту вождя. – Ташкент, 1970; Покорение Голодной степи. – Ташкент, 1976; Голодная степь 1867-1917. История края в документах. – М., 1981.

13. Жақып М.Қ. Елбасы идеяларының журналистика тарихын зерттеу мен оқытуды жаңғыртудағы ерекше маңызы // Zertteušì – Issledovatel’ – The Researcher. – №№1-3(93-95), қаңтар-наурыз, январь-март, January-March, 2014. – Астана, 2014. – №№1-3(93-95). – 7-12 бб. – ISSN 2307-0153.

14. Жақып М.Қ. «Түркістан жинағындағы» патшалық Ресей мерзімді баспасөзі – қазақ даласын жаулап алу саясатының насихатшысы ретінде // Ġylym ža̋ne bìlìm ġasyry – Vek nauki i obrazovaniâ – Science and education century. – №№4-6(60-62), сәуір-маусым, апрель-июнь, April-June, 2014. – ISSN 2307-0188. – 15-25 бб. – Журнал РИНЦ-ке (Ресей) енгізілген.

15. Жақып М.Қ. Патша үкіметі цензурасының «Түркістан жинағына» енгізілген 1917 жылға дейінгі Ресей баспасөзіне ықпалын зерттеудің ғылыми әдістері // Ġylymi zertteuler a̋lemì – Mir naučnyh issledovanij – World of scientific research. – №№4-6(82-84), сәуір-маусым, апрель-июнь, April-June, 2014. – ISSN 2307-017X. – 12-53 бб.

16. Жақып М.Қ., Байболат Л.Б. Тарихшы Ермұхан Бекмаханов – «Түркістан жинағын» зерттеуші // Международной научно-практической конференции «Казахи в евразийском пространстве: история, культура и социокультурные процессы», посвященной 25-летию Региональной общественной организации Сибирский центр казахской культуры «Мөлдір». - Омск, 2014. - 14-15 мая. – 255-258 бб. – Ресей.

17. Жақып М.Қ. «Түркістан жинағы» – патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатының жылнамасы ретінде // «Қазіргі гуманитарлық кеңістіктегі әдеби және медиа үдерістер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – 22 мамыр, 2015 ж. – Астана, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2015. – 199-214 бб.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

 Laurent Brossoit Womens Jersey

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ
РЕСМИ САЙТЫ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ
ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

"ДАРЫН" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

"МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ - ИНДУСТРИЯҒА"
БАҒДАРЛАМАСЫ