МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен
оқушыларына арналған Интернет-ресурс
  • 2.png
  • 3.png
  • temp.png

Құрметті достар!
Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен оқушыларына арналған «Мырзашөл өңірінің білім әлемі» атты арнайы maqtaaral-bilim.kz
Интернет-ресурсын ашып отыр.

Толығырақ...

"ЗЕРТТЕУШІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ

(Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты мақаласында жазылған Қоғамдық сананы жаңғырту мәселесіне орай ой-пікір)

 

Бұл жолдарды Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының мектептері мен колледждерінде білім алып жүрген, өздерінің туып-өскен атамекені – Мырзашөл өңірінің тарихын тереңірек танып-білгісі келетін жастарға және олардың ұстаздарына арнап жазып, жариялап отырмын.

Осыдан жиырма жыл бұрын, 1997 жылғы 10 желтоқсанда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «1998 жылды Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы» №3790 Жарлығы жарық көрді.

Мұндағы мақсат – жалпы ұлттық татулық пен ұлттық тарихты зерделеудi қамтамасыз ету болатын. Осыған орай арнайы Мемлекеттiк комиссия құрылып, елдi мекендердің атауларын тарихи ақиқатқа сәйкес келтiру, жаңа мемориалдар салу және тарихи маңызы бар мемориалдарды тиiстi қалпына келтiру көзделді, бұған мемлекеттік бюджеттен арнайы қаражат бөлінді.

Ол кезде мен Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қызмет істейтінмін.

Өзім осы Мырзашөл өңірінің түлегі болғандықтан, туған жерімнің тарихын зерттеуге мүмкіндік туып отырғанын түсініп, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл аймағын игерудің тарихы» деген тақырып қойып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының арнайы жоспарын жасап шықтым.

Бұл ғылыми жоспарды 1998 жылдың 26 қаңтарында сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған Дархан Қамзабекұлы Мыңбайдың атына хат жазып, пошта арқылы салып жібердім.

Арада жарты айдай уақыт өткенде, сол тұстағы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ғаппар Маймақовтан жауап хат алдым.

Шымкенттен келген, 1998 жылдың 13 ақпаны деп күні қойылған осы хатта менің ғылыми жоспарым Мақтаарал ауданының әкіміне және өзім қызмет істеп жүрген ХҚТУ-дың басшылығына жіберілгенін хабарлапты.

Бала кезден армандап жүрген мақсатымның жүзеге асуына жол ашылатын болды ғой деп қуаныштан жүрегім алып-ұшып, мәз болғаным да есімде.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінен келген осы бір жапырақ жауап хатты қолыма ұстап алып, жұмысымнан қайта-қайта сұранып, табанымнан тозып, әр ай сайын өзімнің жеке қаражатыммен бірнеше рет Түркістаннан – Жетісайға барып-келу, Мақтаарал ауданын сол кезде басқарған кейбір әкім-қаралардың кабинеттеріне кіре алмай, қабылдау бөлмелерінде сағаттап күтіп тұру, аудан әкімдігінің ішкі саясат мәселесіне жауапты қызметкерлерінің мұрындарын көкке көтеріп, менсінбей, өтініш-сұрақтарыма бір ауыз дені дұрыс жауап беруге ерініп, шіреніп, жүріп-тұрғандары, барлығы да әлі сол қалпында көз алдымда.

Түркістаннан таудай арманымды арқалап Жетісайға жеткенде, Мақтаарал ауданының сол кездегі басшыларының бюрократтықтары мен немқұрайдылықтарын көріп, маңдайым тасқа тигендей болып, қуанышым су сепкендей басылса да, қаншама күш-қуатым мен қажыр-қайратымды жұмсап, жанымды жеп, жүйкемді жұқартып жүріп, жоғарыдағы ғылыми жоспарымның бір ғана тармағын жүзеге асыруға қол жеткіздім.

Өзім көз майымды тауысып, қаншама күлкісіз күндерім мен ұйқысыз түндерімді сарп етіп жазып шыққан, тек қана архивтік және тарихи деректерге негізделген ғылыми монографиямды оған кейбір шенеунік-атқамінерлердің талап етуімен солардың өмірбаяндық-қызметтік мәліметтерін амалсыз қосуға мәжбүр бола отырып, көлемі 250 беттен асатын «Мырзашөлім – мырза елім» деген атаумен 1998 жылдың қыркүйек айының бас кезінде Алматыдағы «Әл-Фараби» баспасынан кітап етіп басып шығаруға ғана мүмкіндігім болды.

«Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми монографияны Алматыдан Жетісайға жеткізуде бастан өткізген машақаттарымызды реті келгенде жазып, жариялай жатармыз.

Сонау 1998 жылдың 1 қарашасы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің қиыр оңтүстігіндегі Жетісай қаласына жасаған ресми іссапары кезінде біздің осы монографиямызбен тікелей өзі арнайы танысып, кітаптың ғылыми мазмұнын оң бағалағаны – біз үшін үлкен мақтаныш және мәртебе.

Ал қазір осыдан жиырма жыл бұрын, 1997 жылғы 10 желтоқсандағы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «1998 жылды Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы» №3790 Жарлығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне жазылған хаттың, өзімнің бір түнде жазып шыққан «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл аймағын игерудің тарихы» атты ғылыми-зерттеу жұмыстарының арнайы жоспарының көшірмелерін назарларыңызға ұсынып отырмын.

Бұл – арнайы жоспардың жобасы ғана. Егер менің осы ұсыныстарымды қазіргі Мақтаарал ауданының әкімдігі мен Мақтаарал аудандық Білім бөлімі қолдап, оны жүзеге асыруға біздің арнайы қатысуымызбен, бірлесе, белсене кірісіп жатса, оған тек қана қуанамын.

Алайда, менің авторлық құқығымды өрескел түрде бұзып, бұрмалап, менің өзімнен келісім алмай, жарияланып отырған осы жоспардың жобасын көшіріп алатын болса, онда мұндай іс-әрекеттерге түбегейлі қарсымын.

Өйткені менің 1998 жыл жарық көрген «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми монографиямда тұңғыш рет жарияланған, архивтер мен басқа да өте құнды дерек көздерінен өзім іздеп, тапқан көптеген тарихи материалдарды автор ретінде маған сілтеме жасамай, көшіріп алып, өз аттарынан жариялап жүрген біраз адамдарды жақсы білемін.

Сонымен, бұл материалдарды не үшін жариялап отырмын, оның себептері қандай деген сұрақтың туындайтыны өзінен-өзі түсінікті.

Биыл ресми баспасөзде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты мақаласы жарияланды.

Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламалары қабылданып, қызу жұмыстар қолға алынған.

Ал менің кіндік қаным тамған, туып-өскен атақонысым – Мақтаарал ауданында бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Бұл жағынан мүлдем бейхабармын. Өйткені Интернеттегі Мақтаарал ауданының ресми сайтында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты мақаласын көшіріп жариялаумен ғана шектеліпті.

Ал Мақтаарал ауданында Елбасымыздың осы идеясын жүзеге асыру мақсатында шығармашылық және ғылыми зиялы қауымды, зерттеу құрылымдарын тарта отырып, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы жасалды ма?

«Туған жер» жобасы бойынша Мақтаарал ауданының аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіле ме?

Бүкіл елімізде қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері» атты жобаға Мақтаарал ауданы бойынша арнайы мәдени-танымдық және этнографиялық, тарихи орындар енгізілді ме?

Мақтаарал ауданы бойынша «100 жаңа тұлға» өңірлік жобасы әзірленді ме?

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты мақаласында жазылғанындай, Мақтаарал ауданының мектептері мен колледждерінде «Өлкетану негіздері» атты арнайы пәнді оқыту қолға алынды ма?

Бұл мәселелер бойынша Интернеттегі Мақтаарал ауданының ресми сайтынан ешқандай ақпарат таба алмадым.

Міне, сондықтан да осыдан жиырма жыл бұрын жазылған сол ғылыми жоспарымды қазіргі жаңа заманның талабына сай жаңғыртып, толықтыра отырып, мынадай жаңа жоба жасап шықтым:

- «Мырзашөл өңірінің тарихы» (1867-2017) атты ғылыми монографиялық зерттеу еңбегін жарыққа шығару (көлемі 30 баспа табақ);

- Мырзашөл өңіріндегі ежелгі археологиялық, тарихи, ғимараттық құрылыс, сәулет және монумент өнері ескерткіштерінің деректік көрсеткіштерін жасау;

- Мырзашөл өңірінің 1917-2017 жылдардағы игерілу тарихы туралы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу;

- Жас ұрпақтың Мырзашөл өңірінің тарихын танып-білуіне көмектесетін ғылыми-танымдық мақалалар жазып, отандық және халықаралық басылымдарда жариялау;

- Мырзашөл өңірінің тарихы мен қазіргі даму кезеңін зерттейтін арнайы ғылыми-білім беру орталығын құрып, оның жұмысын ұйымдастыру;

- Мырзашөл өңірінде туып-өскен, елімізге еңбек сіңірген және осы өңірдің игерілуіне ерекше үлес қосқан ардақты азаматтар туралы мәліметтер жинақтап, жүйелеу және жариялау;

- Жоғарыда атап көрсетілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізінде «Мырзашөл өңірі» атты энциклопедиялық жинақ, жоғары оқу орындарына, колледждерге, орта мектептерге, лицейлер мен гимназияларға арналған өлкетану бойынша өңір тарихы жөнінде оқулық жазу;

- Мақтаарал ауданындағы жоғары оқу орындарына, колледждерге, орта мектептерге, лицейлер мен гимназияларға арналған өлкетану бойынша білім беру бағдарламасын дайындау;

- Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі Мақта шаруашылығы тарихының мұражайын толықтыруға үлес қосу;

- Мырзашөл өңірінің игеріле бастауына – 150 жыл, Мақтаарал ауданының құрылғанына – 90 жыл толу мерейтойына арналған ғылыми конференция өткізіп, ғылыми конференция еңбектерінің арнайы жинағын басып шығару;

- Мырзашөл өңірін игеруге қатысқан әртүрлі ұлт өкілдерінің достығын бейнелейтін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Иә, орналасқан аумағы кішкентай ғана болғанымен, халқы 350 мыңға жетіп жығылатын қазіргі Мақтаарал ауданы қоныс тепкен Мырзашөл өңірінің игерілу тарихының тамыры өте тереңде жатыр.

Туған өлкеміздің осынау құпиясы көп, терең тарихын білу, оны ұмытпау – қазіргі жас ұрпақтың парызы.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ
РЕСМИ САЙТЫ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ
ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

"ДАРЫН" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

"МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ - ИНДУСТРИЯҒА"
БАҒДАРЛАМАСЫ