МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен
оқушыларына арналған Интернет-ресурс
  • 2.png
  • 3.png
  • temp.png

Құрметті достар!
Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен оқушыларына арналған «Мырзашөл өңірінің білім әлемі» атты арнайы maqtaaral-bilim.kz
Интернет-ресурсын ашып отыр.

Толығырақ...

"ЗЕРТТЕУШІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ

Түркістан облысындағы Шардара ауданының аумағында Ұзын Ата деп аталатын ауыл бар. Осы ауылға Жетісай жақтан кіре берісте жолаушыларды Ұзын Ата кесенесі қарсы алады. Осы Ұзын Ата кесенесінің тарихы әлі де тереңірек зерттей түсуді қажет етеді.

1870-1917 жылдар аралығында Ташкент қаласында жарық көріп тұрған «Туркестанские ведомости» газетi айрықша назар аударған тарихи ескерткiштердiң бiрi – көне Қызылқұмның қойнауындағы Шардара өңiрiнде, сырлы да шерлi Сырдария өзенiнiң орта ағысының сол жағалауында бұл күндерде алыстан мұнартып, ескi дүние жәдiгерлiктерiнiң соңғы тұяғындай болып мен мұндалаған Ұзын Ата кесенесі едi.

Өйткенi бүкiл Сыр бойындағы орта ғасыр ескерткiштерiнiң арасындағы бүтiндей сақталып қалған санаулы ғимараттардың бiрi – осы Ұзын Ата кесенесi. Оның ашылмай жатқан сыры әлi де аз емес.

«Туркестанские ведомости» газетiнің 1900 жылғы бiрнеше нөмiрлерiнде зерттеушi-ғалым Н. Рудневтiң «Ұмыт қалған аймақ» («Заброшенный уголок») деп аталатын көлемi ауқымды мақаласы жарық көрдi.

Қызылқұмға саяхатқа шығып, армансыз аралаған мақала авторы қазiрге дейiн құндылығын жоғалтпаған, електен өткiзiп, таразылай алсақ, қаншама пайдалы мағлұмат беретiн, ойға тамызық болатын жайларды ортаға салған.

Бiз айтып отырған осы мақаласында Н. Руднев Сырдарияның жағалауындағы тоғайларға ұласып жатқан, бұрынғы Шардара бекiнiсi мен Үшқайық өткелiнiң аралығындағы 250 шақырымдай дала алқабы еңселi және бай мәдениеттiң орны болғанын, осы аймақта қалып қойған ежелгi қалалардың, бекiнiстердiң, кенттердiң құлаған орындары және ескi арықтардың тұтас жүйелерi әлi күнге дейiн сақталғанын айтады.

Сондай-ақ, Сыр бойында жүргiзiлген ғылыми-зерттеу сапары кезiнде оған жергiлiктi қазақтар ежелгi елдi мекендердiң мұндай iздерi Үшқайықтан Арал теңiзiне қарай бағытта да кездесетiнiн айтқанын, өкiнiшке қарай, өзiнiң ондай ескерткiштердi өз көзiмен көре алмағанын жазады [ТВ. – 1900. – №15. – 20 ақпан (4 наурыз); 1900. – №16. – 24 ақпан (8 наурыз); 1900. – №17. – 27 ақпан (11 наурыз); 1900. – №20. – 9(22) наурыз; 1900. – №23. – 19 наурыз (1 сәуір)].

«Туркестанские ведомости» газетiнiң беттерiнде әр кезде жиi жазылып тұрғанымен, бүгiнгi оқырман соның бiрiн бiлiп, бiрiн бiлмей жатады.

Бұл ескерткiштер қай ғасырда, қандай мақсатпен тұрғызылған? Кiмге арналған? Қандай оқиғалар себеп болған? Оларға тарихи-мәдени құндылығы тұрғысынан қандай баға берiлдi?

Мiне, осындай сауалдарға толықтай жауап беру үшiн бiз қарастырып отырған «Туркестанские ведомости» газетiндегi деректердi басқа мәлiмет көздерiмен тығыз сабақтастыра, салыстыра келiп, жауап бере аламыз.

Мысалы, Н. Рудневтiң «Туркестанские ведомостиде» жарық көрген жоғарыда аталған мақаласында:

«…Кенттердiң қалдықтары, егер көптеп кездесетiн төбелер жиынтығын (Мыңтөбе) осылай атауға болатын болса, Ұзын Ата деген жерден Шардара бекiнiсiне дейiн ғана кездеседi, бәлкiм, ежелгi ел мәдениетi бiрте-бiрте осы бағытпен таралған шығар…

Қысты деген жерден (Қышты, Шардарадан шамамен 30 верст төменде жатыр) Түркiстан учаскесiнiң Перовск уезiмен шектесетiн шекарасына дейiн бiр-бiрiмен әр түрлi қашықтықта он бiр қала орналасқан», - деп ой түйедi [ТВ. – 1900. – №15. – 20 ақпан (4 наурыз); 1900. – №16. – 24 ақпан (8 наурыз); 1900. – №17. – 27 ақпан (11 наурыз); 1900. – №20. – 9(22) наурыз; 1900. – №23. – 19 наурыз (1 сәуір)].

Осындайда, «Туркестанские ведомости» газетiне жүгiнсек, сырын ашпаған Ұзын Ата кесенесiнiң құпияларына бiрте-бiрте қаныға түсетiндеймiз.

Газет авторы Н. Рудневтiң жазбаларына көз салайық. Ол былай дейдi: «…Түркiстан өлкесiн орыстар жаулап алғанға дейiн Сырдарияның жағалауында бiрде-бiр мешiт болмаған. Шамасы бұдан 10-15 жыл бұрын түземдiктер ежелгi қалалардың қойнауынан қазып алынған ескi, күйдiрiлген кiрпiштерден мешiт салуға бел шеше және бiрлесе кiрiстi.

Ежелгi Шардара бекiнiсiнiң құлаған орнынан Үшқайық жерiне дейiнгi саны 16-ға жететiн мешiттердiң бәрiнен де ишанның ұлы Экран-Қасымның (Икрам-Қасым болуы мүмкiн – М.Ж.) мешiтi өте әдемi болып көрiнедi, ол Әзiрет Сұлтан мешiтiнiң кiшкентай көшiрмесiне ұқсайды.

Кейбiр мешiттердiң жанынан мұсылмандардың қарапайым мектептерi – медреселерi салынған, олардың қырғыз (қазақ – М.Ж.) мұғалiм-молдалары бар.

Көптеген оқушылар оқитын, осындай көлемдегi мектеп ежелгi Ұзын Ата қаласының үйiндiсiндегi осылай аталатын мешiт пен мазардың маңайында орналасқан.

Қалдықтарына қарағанда, бұл ежелгi қала өте үлкен орынды алып жатқан, уақыт өте келе асау өзен оның, әсiресе, шығыс беткейiн шайып кеткен.

Қаланы оңтүстiк жағынан көмкерiп жатқан Ұзын Ата төбесi бiр кезде шаһардың орасан зор ежелгi кiндiк орталығы болғанға ұқсайды. Оның оңтүстiк маңайында қақпалардың iзi байқалады.

Кiндiк орталықтан солтүстiк-батысқа қарай кейбiр тұстарында көшелерi мен арықтары бар құрылыстардың қалдықтары көзге көрiнедi, әрi қаланың шетiне қарай әдейi қоршалған, алты мұнаралы төрт бұрышты бекiнiс салынған.

Бұл жерде қала арқылы өтетiн, дариядан 15 верст солтүстiк-батысқа қарай созылып, әлгiге ұқсас бекiнiске ұласатын ескi арық басталады.

Ежелгi қаланың орталығында ұрпақтары қазiргi кезде алыптарға тән бойына байланысты Ұзын Ата деп атап, ардақ тұтатын қырғыздың (қазақтың – М.Ж.) моласының үстiнде күйдiрiлген кiрпiштен дөңгелек күмбездi, биiк қабырғалы кесене салынған, бүгiнде ол күтiлмейтiндiктен, бiрте-бiрте құлай бастаған.

Кесененiң маңайында, әсiресе, шығыс жағында көптеген қырғыздардың (қазақтардың – М.Ж.) молалары бар, әрқайсысының үстiнде ескi мәрмардан жасалған, жазуы бар енсiз көктастар жатыр» [ТВ. – 1900. – №15. – 20 ақпан (4 наурыз); 1900. – №16. – 24 ақпан (8 наурыз); 1900. – №17. – 27 ақпан (11 наурыз); 1900. – №20. – 9(22) наурыз; 1900. – №23. – 19 наурыз (1 сәуір)].

Ежелгi аңыз-әңгiмелерге сүйенсек, Ұзын Атаның шын мәнiндегi аты – Асан Ата деседi. Атақонысы – осы Ұзын Ата – Тайпақ екен. Әр сөзi дуалы Асан қария Ақсақ Темiрдiң бас кеңесшiлерiнiң бiрi болса керек.

Ұзын Ата Сыр бойын мекендеген халықтардың ыстық ықыласына бөленгендiктен, әруақты қария, ел атасы – әулие кiсi атанған көрiнедi. Ол Зеңгi Атадан бата алған екен деген де сөздер бар.

1908 жылы Ташкент қаласындағы Ильин баспаханасынан басылып шыққан Салиххиддин Ташкендидiң «Темiрнаме» атты еңбегiнде Ташкент төңiрегiн мекендеген беделдi дiн ғұламасы, дiни пәндердi жетiк бiлген, сопылық бауырластықтың басшысы, жақсы iстерiмен танылған Зеңгi Атаны пiр тұтқан төрт шәкiртi болғаны, олардың аттары – Сейiт Ата, Бәдiр Ата, Сәдiр Ата және Ұзын Хасан Ата екенi баяндалады.

Зеңгi Атаның шәкiрттерiнiң барлығы да Хорезмнен шыққан пайғамбар әулетi шерiфтер едi делiнедi бұл еңбекте. Ол уақытта Бұқарада Баянқұли ханның билiк құрып тұрған кезi екен.

Мұхаммед пайғамбардың кiндiгiнен тараған екi ұлы мен төрт қызы болғанын ол туралы жазылған әдебиеттер арқылы бiлемiз. Ұл балалары жас кездерiнде қайтыс болып кетедi де, төрт қызының iшiнен Фатиманы өзiнiң немере iнiсi Әли ибн Әбу Тәлiпке қосып, одан ұрпақ өрбидi. Фатимадан Хасан және Хұсейiн есiмдi ұл балалар дүниеге келедi. Хасаннан тараған ұрпақтары – шерiфтер деп, ал, Хұсейiннен тараған ұрпақтары – сейiттер деп аталады.

Зеңгi Атаға шәкiрт болған Ұзын Хасан Ата деген кiсi бiз әңгiмелеп отырған Ұзын Асан Ата екендiгi дау тудырмаса керек. Бұлай дейтiнiмiз – Хасан деген есiмнiң «х» әрпi қазақша ауызекi айтылуында түсiп қалып, Асан Атаға айналуы әбден мүмкiн.

Өткен ғасыр тарихшыларының бiрi Салихиддин Ташкендидiң «Темiрнаме» атты кiтабында Зеңгi Ата өзiнiң үздiк шәкiрттерiнiң бiрi Сейiт Атаға: «Сенi Дештi Қыпшақ деген дiнсiз кәпiрлер елiне жiберемiн, сол елдiң халқын мұсылман дiнiне кiргiзесiң», - деп батасы мен тапсырмасын берiп, бағытын көрсетiп жiбергенi айтылады.

Осындай шапағаты мол тапсырма басқа шәкiрттерiмен бiрге Ұзын Асан Атаға да берiлгенi даусыз.

Ендеше, Ұзын Атаның еншiсiне тиген, үлесiне берiлiп, мұсылман дiнiн тарату мiндетi жүктелген өңiр – осы күнгi Сырдың сол жағалауы, бертiн келе Ұзын Ата – Тайпақ аталып кеткен өлке болса керек.

Бұл орайда, Ұзын Атаның тегi Мұхаммед пайғамбардың қызы Бибi Фатиманың Хасен есiмдi ұлынан тараған ұрпақтан екендiгi көңiлге қонатын тұжырым.

Осы Ұзын Ата – Тайпақ жерiне алғаш ислам дiнiн алып келушi, халықты мұсылман дiнiнiң үрдiсiне бастаушы, үлкен игi iстердiң басында жүрген, жақсылығымен елге танылып, құрметке бөленген, әулие ата атанған пайғамбар үмбетi деп түсiнуге тиiспiз.

Барлық ғұмырын Орталық Азия аймағын зерттеуге арнаған ғұлама ғалым, академик В.В. Бартольдтың жазуына қарағанда, Ұзын Ата елдi мекенi кезiнде Ақсақ Темiрдiң Сырдария бойында жүргiзген соңғы жорықтарының бiрiнде аяқ суытқан бекетi болған секiлдi.

Ол, сондай-ақ, сол тұстағы ел билеушiлерiнiң бiрi Хәлiл Сұлтан Ақсулаттан Отырарға бара жатқан жолында Ұзын Ата түбiнде Шаһрухқа табан тiрегенi туралы деректер келтiредi.

Осындай тарихи деректерге тереңірек үңілсек, Ұзын Ата кесенесін де Ақсақ Темір салдырғанына күмән келтіру қиын. Ақсақ Темірдің Түркістан топырағына бірнеше рет аяқ басып, Отырарға сан мәрте келгенін көне тарих куәландырады. Сондай көптеген сапарларының бірінде Ұзын Ата кесенесі бой көтеруі әбден мүмкін.

Тағы бiр қызықты дерек – тарихшы Мұхамеджан Тынышбаевтың еңбектерiнде кездеседi. Онда Ақсақ Темiрдiң Пiр-Мұхамед және Хәлiл деген немерелерi болғаны, осынау әмiршi 1405 жылы қайтыс болғанда, оның орнына әлгi мұрагерлерi қалғаны айтылады.

Ұзын Ата зиратына жерленген Шермұхамед Хәлiм Дұрманұлы мен Ақсақ Темiрдiң немерелерi Пiр-Мұхамед пен Хәлiлдiң есiмдерiнiң бiр-бiрiне ұқсастығы да ерiксiз көңiл аударады.

Бұлай дейтiнiмiз – «Ұзын Ата» атауының шығу төркiнiне байланысты пiкiрталастар ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнде бастау алса, қазiргi уақытқа дейiн толастамай келе жатыр.

Н. Руднев 1900 жылы «Туркестанские ведомости» газетiнде:

«…Өзiнiң ескi атауын неге сақтап қалғаны белгiсiз Оқсыз қаласынан басқа (Үшқайық өткелiнен 45 версттай жоғарыда, Ешкiөлмес өткелiне жақын, Түркiстан қаласына апаратын жолда жатыр) қалаларының бәрiнiң аттары ұмытылып, түземдiктердiң тiлiне Қысты (Қышты), Ұзын Ата, Сүткент, Байырқұм, Ешкiлi, Жартөбе, Рабат, Қауған Ата, Артық Ата және Разды Ата (соңғысы Үшқайық өткелiнен 10 верст төменде орналасқан) түрiнде аударылған», - деп жазған болатын [ТВ. – 1900. – №15. – 20 ақпан (4 наурыз); 1900. – №16. – 24 ақпан (8 наурыз); 1900. – №17. – 27 ақпан (11 наурыз); 1900. – №20. – 9(22) наурыз; 1900. – №23. – 19 наурыз (1 сәуір)].

Сондай-ақ, «Туркестанские ведомости» газетiнде жарияланған мақаласында А. Тилло:

«…Шардара алқабынан, тiптi Шыназдан бастап дарияның сол жағалауын бойлап, 200 верст қашықтықта осындағы Қысты, Ұзын Ата, Сүткент, Ешкiлi, Байырқұм, Жартөбе, Қауған Ата, Артық Ата, Разды Ата және Оқсыз секiлдi көптеген қалалар мен елдi мекендердiң құлаған орындары жатыр, бұл атаулардың екеуi қазiрге дейiн ескiше түрiн сақтаған, ал, қалғандарына мұнда жақында ғана қоныс тепкен қырғыздар (қазақтар – М. Ж.) атау берген», - дейдi [ТВ. – №72. – 7 сентября. – 1903].

Сыр бойындағы жер-су атаулары, оның iшiнде Ұзын Ата да, кейiнгi кезде ғана қойылған, бұрын бұл өңiрде қазақтар тұрмаған, ендеше, ол қазақтардың атақонысы емес деген пiкiр айтады.

Ал, академик Әлкей Марғұлан:

«Ғұндар – мыңдаған жыл ұлы сахараны қоныстап, өздерiнен көп ұрпақ, бай мәдениет қалдырған ел. Олардан ұрпақ болып қалған елдер үйсiндер, қаңлылар, оғыздар, қыпшақтар, арғындар, қоңырат қияттар, наймандар, керейлер, уақ-үңгiттер, латтар.

Бұлар мұра етiп қалдырған қалалар Сыр бойында, Жетiсуда, күнбатыс Қазақстанда, Маңғыстауда орасан көп.

Олардың iшiнен ең жойқындары Сайрам, Сүткент, Отырар, Түркiстан, Сауран, Сығанақ, Қауған Ата, Артық Ата, Баршынкент, Жент, Оғыз-Дабан, Харасан Ата, тағы одан басқа Сыр бойы мен Қаратауда толып жатқан өзге қалалардың үйiндiлерi (Субкент, Ягакент, Баба Ата, Құмкент, Кенжек), тағы басқалары.

Бұл тамаша қалаларды кейбiр зерттеушiлер сахараны қыстаған тайпаларға көпсiнiп, оны жасаушылар ауып келген бөтен адамдар деп түсiнген. Бiрақ бұл шындыққа келмейтiн, қате, ағат айтылған», - деп Н. Руднев, А. Тилло сияқты ғалымдардың «Туркестанские ведомости» газетiнде жазылғандай, «бұл жерге қазақтар кейiн ғана келген» деген таяз тұжырымдарына дәлелдi тойтарыс бередi.

«Туркестанские ведомостиде» жарық көрген тағы бiр мақалада: «Орыстың отарлауы үшiн жарамды жерлер қызу iздестiрiле бастаған 1898 жылы Сырдария облысының әскери губернаторына қырғыздардың (қазақтардың – М. Ж.) айтуынша, Сырдарияның сол жағалауында, Ұзын Ата алқабынан Үшқайық өткелiне дейiн көптеген ескi, ұмыт қалған, Сырдың өн бойынан тартылған және мұнда ежелгi мәдениеттiң болғанын дәлелдейтiн арықтар бар екендiгi хабарланды», - делiнедi [ТВ. – 1903. – №№79-80. – 1-5 қазан].

Отаршылдық пиғылындағы өзiнiң әрiптестерi айтқан ой-пiкiрлер мен олардың ежелгi жер-су атаулары мен ертедегi ел мәдениетiне күмәнданған тұжырымдарына, осылайша, Н.С. Лыкошин қарсылық көрсетедi.

Бiз үшiн орны мен мән-маңызы бөлек деректерге өте бай, дегенмен танымдық-ғылыми тұрғыдан тереңірек зерттеп, сарапқа салып, арнайы сүзгiден өткiзудi қажет ететiн осынау материалдардағы ерiксiз мойындататын жай – Ұзын Ата ғимаратының сонау ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында-ақ «Туркестанские ведомости» секiлдi газеттермен тiкелей қарым-қатынас жасап тұрған орыс зерттеушiлерiнiң назарын ерекше аударған.

Дей тұрғанмен олардың «Сырдың сол жағалауын қазақ халқы өткен ғасырда ғана қоныстана бастаған» деген бiр қайнауы iшiндегi кереғар пiкiрдi қайталай беретiндерiнiң астарында қандай пиғыл жатқаны түсiнiктi болса керек.

Олардың ежелгi қалалардың атауларын қазақтар өзгерткенi жайындағы дәлелсiз тұжырымдары да бұл өңiрдiң байырғы тұрғындары қазақтар емес, басқа халықтар, сондықтан отарлау саясатын барынша ашық және қарқынды жүргiзуге толық құқымыз бар деген ойдың бiр көрiнiсi.

Бұл тұрғыдан ең маңызды мәселе – Ұзын Ата әулиенiң басындағы күмбездiң ХIХ ғасырдың аяғында немесе ХХ ғасырдың бастапқы кезеңiнде емес, сонау ХIV-ХV ғасырларда тұрғызылғаны орыс ғалымдарының газетте жарияланған жазбаларында аражiгi ажыратылып, жiктеле баяндалмай қалғанын айтуға тиiстiмiз.

«Туркестанские ведомости» газетiнде жарияланған ғылыми мақалалардағы деректердi және қазiргi заманғы зерттеушiлердiң тұжырымдарын бiр-бiрiмен салыстыра келiп, Сыр бойында Ұзын Ата тарихи атауымен байланысты мынадай үш түрлi ежелгi елдi мекен, қасиеттi орындар болған деп ой түюге болады:

Оның бiрiншiсi – Ұзын Ата (Ақтөбе) қаласы. Бұл қала IV-Х ғасырларда өмiр сүрген. Ол Шардара ауданының аумағындағы бұрынғы «Комсомол» деп аталатын ауылдың солтүстiк-шығыс жағындағы 10 шақырым қашықтықта, Сырдарияның сол жағалауында, өзеннiң ескi ағысының маңайында, қазiргi Ұзын Ата мазарының орнында орналасқан.

Қаланы 1900 жылы белгiлi орыс зерттеушiсi Н.В. Руднев, одан кейiн А. Тилло және Н.С. Лыкошин секiлдi патша өкiметiнiң шенеунiк-қызметкерлерi зерттеп, «Туркестанские ведомости» газетiнiң беттерiнде көптеген ғылыми мақалалар жариялады.

Сонымен бiрге Ұзын Ата қаласын 1951 жылы Оңтүстiк Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам, Г.И. Пациевич), 1982 жылы Шымкент педагогика институтының археологиялық отрядының экспедициясы (Н.П. Подушкин) зерттедi.

Ежелгi Ұзын Ата қаласының орталығында дөңгелек төбе сақталған, негiзгi орнының аумағы 60х50 метр, биiктiгi 10-12 метр. Осы төбеге жан-жақтан жалғасатын алаңдар бар, олардың негiзгi орындарының аумағы 260х290 метр, биiктiгi 3-5 метр, мұнда тұрғын үйлер, шаруашылық кешендерi және қорғаныстық құрылыстар салынған. Олардың денi күнi бүгiнге дейiн сақталып қалған.

Қаланың солтүстiк-шығысында өзеннiң ескi арнасының, жер бетiне салынған құрылыстардың орындары кездеседi. Сондай-ақ, тас пен керамикадан жасалған, ас iшуге, шаруашылық-тұрмыстық қолданысқа арналған ыдыстар табылған.

Сырдарияның сол жағалауындағы маңызы мен мәнi жағынан екiншi тарихи орын – Ұзын Ата қорған-мазары. Ол бiздiң ғасырымыздың бiр мыңыншы жылдары пайда болған. Ауылдың солтүстiк-батыс жағындағы 12 шақырымдай жерде жатыр.

Ұзын Ата қорған-мазарының орнын 1950 жылдары Оңтүстiк Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) жүргiздi. Қорған-мазар бiрнеше қорғандар тобынан тұрады. Онда адам денелерi өртеу тәсiлiмен жерленгенi анықталды.

Үшiншiсi – Ұзын Ата мазарының үстiне тұрғызылған кесене. Бұл ғимарат туралы ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнде «Туркестанские ведомости» газетi секiлдi отаршыл орыс мерзiмдi басылымдарында жарық көрген материалдарға жоғарыда жан-жақты тоқталдық.

Кесене жайындағы тарихи мәлiметтер мынадай ойға бастайды.

Кейiнгi уақытта анда-санда ғана базбiр мерзiмдi басылымдарда ұшырасып қалатын қазақ ғалымдарының еңбектерiнде, мәселен, зерттеушi Р.М. Мұстафинаның 1992 жылы жарық көрген Оңтүстiк Қазақстанда ХIХ-ХХ ғасырлардағы тұрмыстық исламның таралу жайын зерделеуге арналған «Представление, культы, обряды у казахов» деп аталатын кiтабында, сонымен бiрге, «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1987 жылғы сәуiр айындағы №4 нөмiрiндегi Досбол Анефияевтың «Ұзын Ата күмбезi» атты мақаласының соңында редакция тарапынан берiлген ескертуде осынау ежелгi ғимарат кейiнгi уақытта ғана әлдебiреулер тұрғыза салған, құндылығы оншалықты маңызды емес құрылыстардың бiрi секiлдi көрсетiледi.

Осы айтылғандарды түйiндей келгенде, «Туркестанские ведомости» газетi – нақты деректер көзi екенiн Сыр бойының орта ағысындағы Ұзын Ата әулиенiң басындағы кесенеге байланысты тарихи мәлiметтердi анықтау барысында да дәлелдеп отыр.

Яғни, бұл мерзiмдi басылымда жарық көрген материалдар әншейiн жай ғана журналистiк хабар-ошарлар ғана емес, қазақ халқының кешегi тарихынан молынан мәлiмет беретiн, көптеген құнды мұраларды жинақтаған ерекше әдеби нұсқалар екенiне көз жеткiземiз.

Бiз патшалық Ресейдiң тұсында жарық көрген мерзiмдi басылымдар мен ғылыми еңбектерге ғана жүгiнiп отырмыз.

Ал, шындығында осы аймақтағы Мырзашөл, Иiржар, Асық Ата, Ұзын Ата, Жетiсай және басқа да тарихи атаулардың шығу төркiндерi ежелгi заманның тереңiнен тамыр тартып жатқаны сөзсiз.

Олардың сыры мен қырын әлi де айқындай түсу үшiн тек 1917 жылға дейiн, патшалық Ресей тұсында басылған орыс тiлiндегi ғылыми зерттеулермен ғана шектелiп қалмай, Бұқар және Қоқан хандықтары тарихшыларының, шет ел ғалымдарының араб, парсы, қытай және тағы басқа тiлдерде жазылып, жарық көрген жылнамалары мен шежiрелерi де терең зерттелуi қажет.

 

Әдебиеттер:

1) Жақып М.Қ. Тегістік түстік жерден мұнарланып, күмбезі Ұзын Ата сағымданды... (Бұл мақала шымкенттік өлкетанушы Досбол Анефияевпен бірігіп жазылған) // Жақып М.Қ. Мырзашөлім – мырза елім. – Алматы: Әл-Фараби, 1998. – 30-57 бб. (256 б.). – ISBN 9965-444-15-3.

2) Жақып М.Қ. Түркістан өлкесі баспасөзінде патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатының жазылуы (1870-1917). «Туркестанские ведомости» газетінің материалдары негізінде: Монография. Ғылыми басылым. – Шымкент, 2005. – 248 б. – ISBN 9965-9720-1-Х.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

 Justin Schultz Jersey

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ
РЕСМИ САЙТЫ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ
ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

"ДАРЫН" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

"МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ - ИНДУСТРИЯҒА"
БАҒДАРЛАМАСЫ