МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен
оқушыларына арналған Интернет-ресурс
  • 2.png
  • 3.png
  • temp.png

Құрметті достар!
Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен оқушыларына арналған «Мырзашөл өңірінің білім әлемі» атты арнайы maqtaaral-bilim.kz
Интернет-ресурсын ашып отыр.

Толығырақ...

"ЗЕРТТЕУШІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ

Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі құрылуын өте қуанышты сезіммен құптаймыз және мұндай өзгерістер қоғамымыздың қазіргі қажеттіліктерге барынша сай келеді деп ойлаймыз.

Бізге белгілі мәліметтер бойынша, бүгін, 2018 жылдың 27 маусымында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен министрлік жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді. Аталған салалық министрліктің басшысы – Үйлестіру кеңесінің төрағасы бекіткен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бойынша маусым айында ҮЕҰ-дың экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтар туралы халықаралық пактті іске асыруға қатысуы туралы және балалар мен жастардың ортасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмысты жандандырудағы ҮЕҰ-дың рөлі туралы мәселелер қарастырылуы тиіс.

Сондай-ақ, «Электрондық үкімет» веб-порталында жарияланған «Қазақстан Республикасы қоғамдық даму, мәдениет және спорт министрліктерінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын қоғамдық талқылаудың мерзімі бүгін, 2018 жылдың 27 маусымында аяқталды.

Осыған орай, «Қазақтың қазіргі азаматтық қоғамы қалай басқарылып отыр?» деген мәселе бойынша өзіміздің ой-пікірлерімізді ортаға салғымыз келеді.

Елімізде жаңа мемлекеттік орган – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, діни қызмет, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, қайырымдылық, волонтерлік қызмет, медиация, ішкі саяси тұрақтылықты, конфессияаралық және этносаралық келісімді, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі құрылуын өте қуанышты сезіммен құптаймыз және мұндай өзгерістер қоғамымыздың қазіргі қажеттіліктерге барынша сай келеді деп ойлаймыз.

Жаңадан құрылатын Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі қазіргі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмысында жіберіліп жатқан елеулі кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмауға күш салғаны жөн.

Атап айтсақ:

- Жаңадан құрылатын Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар – министрліктер еліміздегі тиісті салалар бойынша белсенді жұмыс істеп жатқан Үкіметтік емес ұйымдарды бір-бірінен бөлектеп, алаламай, барлығына бірдей мүмкіндік тудыруы керек;

- Барлық мемлекеттік уәкілетті органдар – салалық министрліктер сол тиісті салалар бойынша белсенді жұмыс істеп жатқан Үкіметтік емес ұйымдармен тығыз іскерлік қарым-қатынас орнатуы қажеттігі арнайы заңнама бойынша міндет етіп белгіленіп, бекітілуі тиіс;

- Барлық мемлекеттік уәкілетті органдарға – салалық министрліктерге, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктері мен облыстардың, аудандардың әкімдіктеріне Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті бөлімше құру немесе арнайы жауапты тұлға тағайындау міндеті жүктелуі қажет. Өйткені Үкіметтік емес ұйымдардың қызметін үйлестіретін қазіргі заңнамада мемлекеттік органдарға – министрліктерге, т.б. мұндай міндет жүктелмеген;

- Қазіргі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен аталған мемлекеттік уәкілетті органға қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранттарға конкурстар кезінде белгілі бір Үкіметтік емес ұйымдардың ғана «жеңіп шығып», гранттық қаржыны тек солар ғана «ұтып» алуына мүдделілік таныту, яғни лоббизм жасау «тәжірибесін» түбірімен жою керек! Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның қызметіне араласпайды» деп сөз жүзінде мәлімдеме жасалғанымен, іс жүзінде мемлекеттік гранттарды тұрақты түрде «ұтып» алып отыратын ұйымдардың бар екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Нақты мысалдар келтірейік.

Біздің «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастырған Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беруге арналған конкурсқа 2016 жылы «Балалар мен жастардың құқығын қорғау» атты тақырып бойынша жоба ұсынған едік. Алайда біздің жобамызға мемлекеттік грант берілген жоқ.

Осы аталған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ 2018 жылғы 26 наурызда жариялаған Үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік гранттарға қайта байқау бойынша ҮЕҰ арасында мемлекеттік грант алушыларды іріктеу үшін құрылған конкурстық комиссиясы отырысының қорытындысы 2018 жылғы 14 маусым күні жарық көрді.

Өзіміз де алдын-ала болжап білгеніміздей, осы конкурсқа «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің «Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау; Шешімдер қабылдау мен ҮЕҰ тұрақтылығын арттыру процесінде ҮЕҰ қатысуын кеңейту» бағытының «Нәсілдік (ұлттық) кемсітушілік фактілерінің жағдайын талдау. Адамның, оның ішінде нәсілдік (ұлттық, этностық) белгі бойынша кемсітушілікпен байланысты емес іргелі құқықтары жөнінде құқықтық көмек көрсету және құқықтық ағарту» грант тақырыбы бойынша ұсынылған жобасын да конкурстық комиссия мақұлдаған жоқ.

Біз осыған дейін бірнеше рет Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне де, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-на да ресми түрде хат жазып, Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беру жоспарына өзіміздің тақырыптарымызды ұсынған болатынбыз. Алайда біздің ұсынған тақырыптарымыздың ешқайсысы да қабылданған жоқ.

Сонымен бірге сарапшылар тізіміне ұсынылған біздің ҮЕҰ-ның өкілі де конкурстық комиссияға енгізілген жоқ. Ал конкурстық комиссия құрамына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті деп ұсынылған комиссия мүшесі шын мәнінде бұл жоғары оқу орнында толық жүктемемен мүлдем жұмыс істемейді.

Біз Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның өткізіп жүрген Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беруге арналған конкурстары белгілі бір ҮЕҰ үшін, сол ұйымдарға арналып, яғни сол ұйымдардың әлеуметтік жобаларға арналған мемлекеттік гранттарды қалай да міндетті түрде жеңіп алуы үшін өткізіліп жатқанына, ал біздің «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі секілді ҮЕҰ сол конкурсқа жоба ұсынушылардың санын көбейту үшін ғана қатыстырылатынына тағы да көзімізді жеткіздік.

Соңғы өткізілген конкурстағы «Нәсілдік (ұлттық) кемсітушілік фактілерінің жағдайын талдау. Адамның, оның ішінде нәсілдік (ұлттық, этностық) белгі бойынша кемсітушілікпен байланысты емес іргелі құқықтары жөнінде құқықтық көмек көрсету және құқықтық ағарту» грант тақырыбын жоспарға ұсынған ҮЕҰ тиісінше конкурста да «жеңіске жетіп» отыр.

Конкурсқа ұсынылған әлеуметтік жобаларды қарастыратын конкурстық комиссияның мүшелері жабық, құпия жағдайда жұмыс істейді. Мұның барлығы біздің тарапымыздан барынша сенімсіздік тудырады.

Егер жеңімпаздар алдын-ала анықталып қойған болса, мұндай конкурстарды ұйымдастырудың қажеті қанша? Неге тиісті қаржылай грант конкурс өткізбей-ақ, сол ҮЕҰ-ға бірден беріле салмайды?

Сол секілді 2018 жылдың 21-22 маусымында Талдықорған қаласында өткізілген ҮЕҰ-бизнес-мемлекеттің «ASAR» үшжақты ынтымақтастық II республикалық форумы да әншейін жоғары жаққа есеп беру үшін ғана ұйымдастырылған жасанды іс-шара ма деген күдік туып отыр. Өйткені біздің ҮЕҰ-ды бұл іс-шараға ресми түрде Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі де, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ да шақырған жоқ. «ASAR» үш жақты ынтымақтастық форумы аясындағы әлеуметтік жобалар платформасында жарияланған әлеуметтік жобаларға кәсіпкерлердің қызығушылық танытқаны немесе танытпағаны бізге мүлдем белгісіз.

Жоғарыда баяндалған жағдайдың негізінде біз Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беру конкурстарының өткізілу әдіс-тәсілдеріне үзілді-кесілді қарсылық білдіреміз!

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның қызметі ашық жүргізілсе, Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беруге арналған конкурстар бұрмаланбай, барынша әділ өткізілсе дұрыс болар еді.

- Жаңадан құрылатын Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігіне ағарту қызметін қалыптастыру, іске асыру және үйлестіріп отыру міндеттері мен функциялары да жүктеле отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының 2016 жылғы 20 мамырдағы қырық төртінші пленарлық отырысында қабылданған (№44-11 қаулы) «Ағарту қызметі» туралы Үлгілік заңының жаңа редакциясы жүзеге асырылуы тиіс және Ағарту қызметінің құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері, ағарту қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері, ағарту жүйесі қызметінің және ағарту қызметін жүзеге асырудың жалпы ережелері, ағарту қызметіне қатысушылардың құқықтық дәрежесі мен өзара қарым-қатынастары айқындалуы қажет;

- Жаңадан құрылатын Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігіне, сонымен бірге осы министрлік құрамына енгізілетін Қоғамдық келісім комитетінің, Азаматтық қоғам істері комитетінің, Жастар және отбасы істері комитетінің, сондай-ақ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның басшылығына мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін өте жақсы білетін, қазақ халқының мүддесін ең алдыңғы орынға қоятын мемлекеттік қызметшілер тағайындалуы тиіс. Өйткені қазіргі Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Азаматтық қоғам істері комитетінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның бірінші басшылары қазақ тілін жеткілікті дәрежеде еркін білмейтін және қазақ тілінде сөйлейтін азаматтық қоғам белсенділерімен мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға қабілеттері мен мүмкіндіктері жетпейтін мемлекеттік қызметшілер екенін жұртшылықтың бәрі көріп-біліп отыр;

- «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, жылдың бір күнін Азаматтық қоғам белсенділерінің немесе Үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби мерекелік күні етіп белгілеп, азаматтық қоғам белсенділерін және белсенді жұмыс істеп жүрген Үкіметтік емес ұйымдарды қаржылай және рухани ынталандыру іс-шараларын жасау керек.

Жоғарыда айтылғанындай, бүгін, 2018 жылдың 27 маусымында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен министрлік жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында балалар мен жастардың ортасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмысты жандандырудағы ҮЕҰ-дың рөлі туралы мәселелер қарастырылуы тиіс.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласында жұмыс істеп жүрген Үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) өзара қарым-қатынасының қазіргі ахуалы туралы әлеуметтік желілер мен желілік басылымдарда бірнеше рет мақала жариялағанбыз:

http://www.zertteushi.kz/news_20102017_02

http://www.zertteushi.kz/news_26102017_3

Біздің Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен байланыстарды жетілдіруге қатысты ұсыныстарымызды қазіргі Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, алдағы уақытта құрылайын деп жатқан Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі өздерінің алдағы жұмыстарында ескерсе екен деген тілегіміз бар.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor).

 

2018 жылғы 27 маусым.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

 Kevin Shattenkirk Authentic Jersey

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ
РЕСМИ САЙТЫ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ
ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

"ДАРЫН" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

"МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ - ИНДУСТРИЯҒА"
БАҒДАРЛАМАСЫ