МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен
оқушыларына арналған Интернет-ресурс
  • 2.png
  • 3.png
  • temp.png

Құрметті достар!
Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен оқушыларына арналған «Мырзашөл өңірінің білім әлемі» атты арнайы maqtaaral-bilim.kz
Интернет-ресурсын ашып отыр.

Толығырақ...

"ЗЕРТТЕУШІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ

Мемлекетіміздің ең қиыр күнгей тұсындағы Мақтаарал ауданының тұрғындары үшін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшірілуі қаншалықты тиімді?

Өткен аптада кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары А.И. Лукиннің төрағалығымен 2018 жылғы 27 наурыз күні Шымкент қаласында «Облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру кезеңінде қауіпсіздікті және құқық тәртібін сақтау» деген күн тәртібімен өткізілген ведомоствоаралық жұмыс тобы мәжілісі хаттамасының көшірмесі жарияланды.

Бұл хаттамада:

Үстіміздегі жылдың 29 наурызына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорына Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы жанынан жұмыс тобын құру;

Жұмыс тобының төрағасы етіп Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасарын белгілеу;

Жұмыс тобының құрамына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасарын, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарларын енгізу;

Жұмыс тобының жұмысын үйлестіруді Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорына жүктеу;

Үстіміздегі жылдың 6 сәуіріне дейін мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстарын есепке ала отырып, жұмыс тобының іс-қимыл жоспарын және әлеуметтік шиеленіс ошақтары бойынша іс-шаралар жоспарын жасау;

Он күн сайын Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасарына жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы және жоспарланған іс-шаралардың орындалу нәтижелері туралы баяндап отыру;

Үстіміздегі жылдың 9 сәуіріне топтың жұмыс нәтижелері туралы ақпараттың жобасын, ал үстіміздегі жылдың 21 сәуіріне қорытынды ақпараттың жобасын дайындау;

Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорына осы жұмыстың жүзеге асырылуын жалпы бақылауға алу, барлық мүдделі құрылымдарды талапқа сай үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылғаны жазылған.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне үстіміздегі жылдың 7 сәуіріне дейін тиісті іс-шараларды жүзеге асыру, ал Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне үстіміздегі жылдың 7 сәуіріне дейін Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілетін мемлекеттік органдардың қызметкерлерін үй-жаймен қамтамасыз ету, оның ішінде әкімшілік орталықтың, қажетті коммуникациялар мен халықтың тіршілігін қамтамасыз ету нысандарының құрылысы жөнінде жан-жақты толық жоспар жасау жүктелген.

Бір қызығы – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы да, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі де Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары А.И. Лукиннің төрағалығымен 2018 жылғы 27 наурыз күні Шымкент қаласында «Облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру кезеңінде қауіпсіздікті және құқық тәртібін сақтау» деген күн тәртібімен өткізілген ведомоствоаралық жұмыс тобының мәжілісі жайында ешқандай ресми ақпарат немесе түсініктеме жариялаған жоқ.

Біз Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы шешімге ешқандай да қарсы емеспіз. Керісінше, бұл ұйғарымды жан-тәнімізбен қолдаймыз.

Алайда жергілікті тұрғындар арасында «Еліміздің ең қиыр күнгей түкпіріндегі Мақтаарал ауданының халқы үшін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшірілуі қаншалықты тиімді?» деген сауалдың туындауы да өте орынды деп есептейміз.

Ресми мәліметтер бойынша халқының саны 305 мың адамнан асып жығылатын қазіргі Мақтаарал ауданының орталығы Жетісай қаласынан Шымкентке дейінгі қашықтық – 232 шақырым.

Ал Түркістан қаласы Шымкенттен 170 шақырым қашықтықта орналасқан.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіру мәселесі ресми түрде шешімін тапқан жағдайда қазақтың Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз облыстың жаңа әкімшілік орталығына жету үшін 400 шақырымнан астам жол жүруіне тура келеді.

Ал жергілікті халықтың Мақтаарал ауданынан Түркістан қаласына Шардара және Отырар аудандары мен Арыс қаласы арқылы барып-келуіне мұндағы жергілікті маңызы бар жолдарымыз дайын ба?

Немесе жергілікті тұрғындарды Сарыағаштан Түркістанға апаратын темір жол қатынасы, жолаушыларды тасымалдайтын пойыздардың жүру жағдайы қандай?

Біз осыған дейін әлеуметтік желіде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 74 қаулысымен Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілгені туралы ақпарат жариялаған едік.

Үкіметіміз бекіткен Шымкент агломерациясының перспективалық экономикалық әсер ету және әлеуеттік даму аймағындағы елді мекендерінің ауданы:

1) Шымкент қаласы – 38244 га;

2) Сарыағаш қаласы – 2904 га;

3) Леңгір қаласы – 2047 га;

4) Арыс қаласы – 3327 га;

5) Арыс қаласының қалалық әкімшілігі – 8507 га;

6) Бәйдібек ауданы – 30853,3 га;

7) Қазығұрт ауданы – 39701 га;

8) Ордабасы ауданы – 19854 га;

9) Сайрам ауданы – 59067 га;

10) Сарыағаш ауданы – 15192 га;

11) Төлеби ауданы – 45912 га;

12) Түлкібас ауданы – 20550 га құрады.

Шымкент агломерациясы елді мекендеріндегі жердің жалпы алаңы 286158,3 га құрайды.

Сонымен бірге Үкіметіміз халықтың көші-қон ағынын ұстап қалу, т.б. мақсатында аудандардың мынадай әкімшілік орталықтарын анықтап отыр:

1) оңтүстік бағытында – Сарыағаш қаласы (рекреация, туризм, минералды су өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру);

2) батыс бағытында – Арыс қаласы – Қазақстанның ірі теміржол торабы;

3) шығыс бағытында – Т. Рысқұлов ауылы (құрылыс материалдарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру);

4) елді мекендерді – серіктестерді / халықтың ішкі көші-қонының орталықтарын дамыту: Леңгір қаласы, Ақсу, Қазығұрт, Бадам, Темірлан, Төрткөл, Шаян ауылдары.

Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы тізімге қазіргі Мақтаарал және Шардара аудандары енгізілмеген.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, «Электрондық үкімет» веб-порталында 2018 жылғы 23 ақпанда Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығының, ал 2018 жылғы 28 ақпан күні «Электрондық үкімет» веб-порталында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Оңтүстік Қазақстан облысы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы» қаулысының жобалары жарияланғаны белгілі.

Қазақтың Мырзашөл өңірінің халқы Елбасымыздың бұрынғы Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарын қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығын асыға күтіп отырған кезде Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру мәселесі қарастырылып жатқаны жөнінде ақпараттар келіп жетті.

Осындай жағдайда қазіргі Мақтаарал ауданының тұрғындары Оңтүстік Қазақстан облысының жаңадан бекітілетін ресми әкімшілік орталығынан тым қашықта, өте алыс түкпірде қалып қоймай ма?

Мырзашөл өңірі халқының облыстың жаңа әкімшілік орталығына барып-келуі барынша қиындап кетпей ме?

Біздіңше, Үкіметіміз бен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мәселенің осы жағын да ойластырып, Мақтаарал және Шардара аудандары халқының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын жақсарту жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдағаны жөн.

Мырзашөл өңірінің жергілікті халқы Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Мақтаарал ауданын үш бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарын қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығы жарық көрген соң оң өзгерістер мен жақсы жаңалықтар болады деп үміттеніп отыр.

Ресми мәліметтер бойынша бүгінде Атакент кентінде – 18 мыңнан астам, Мырзакент кентінде – 15 мыңға жуық, Асықата кентінде – 12 мыңнан астам халық тұрады.

Осыған орай, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 3-ші бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жататынын ескере келіп, Мырзакент, Атакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесі берілсе, дұрыс болар еді.

Мүмкін, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру мәселесі шешілген соң қазақтың Мырзашөл өңірінің еліміз үшін саяси-экономикалық және стратегиялық тұрғыдан ерекше маңызы бар екенін ескере отырып, шекара маңындағы елді мекендерді жалпы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының негізінде қазіргі Мақтаарал және Шардара аудандарының негізінде өз алдына дербес Мырзашөл облысын құру қажет шығар?

Қорыта айтқанда, қазіргі күрделі халықаралық жағдайда, Өзбекстан мен Тәжікстанның, ары қарай Ауғанстанның иін тірескен тұсында, аумағы жағынан бар болғаны 176 мың гектар ғана болатын кіп-кішкентай жерде 300 мыңнан астам халық тұрып жатқан, тұрғындарының саны жағынан тұтас бір облысқа сай келетін Мырзашөл өңірі халқының еліміз бойынша ерекше мемлекеттік маңызы бар ірі экономикалық және мәдени орталықтарынан өте алыс түкпірде қалып қоюы айрықша алаңдатып отыр!

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

 

Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

 Larry Warford Womens Jersey

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ
РЕСМИ САЙТЫ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ
ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

"ДАРЫН" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

"МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ - ИНДУСТРИЯҒА"
БАҒДАРЛАМАСЫ