МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен
оқушыларына арналған Интернет-ресурс
  • 2.png
  • 3.png
  • temp.png

Құрметті достар!
Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен оқушыларына арналған «Мырзашөл өңірінің білім әлемі» атты арнайы maqtaaral-bilim.kz
Интернет-ресурсын ашып отыр.

Толығырақ...

"ЗЕРТТЕУШІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ

«Рейтингтің» редакциясына келіп түскен мына хат Оңтүстік Қазақстан облысындағы белгілі ауданның атауына байланысты ой қозғайды. Алдымен хатты оқып шығайық:

«Егер жолыңыз түсіп, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласындағы аудан әкімдігінің ғимаратына бара қалсаңыз, аудан атының қате жазылғанын көріп, қатты қынжыласыз.

«Аудандағы 300 мыңнан астам халықтың арасынан сол қатені түзетіп, қайта жаздыратын сауатты кісінің табылмағаны ма?» деген сұрақ та мазалайды. Алайда, «аудан атының жазылуы қате емес» деп есептейтіндер де бар екен. Олар 1997 жылы шыққан ҚР Президентінің Жарлығын басшылыққа алатын көрінеді. Аталмыш Жарлықта Мақтаарал атауынан бір «а» түсіп қалып, «Мақтарал» боп жазылып кетіпті. Бұл – Жарлықты дайындаған мемлекеттік қызметкердің қателігі ме, әлде соны компьютерге түсірген хатшылардың салақтығы ма – ол жағы бізге беймәлім.

Мақтаарал, Жетісай және Асықата (бұрынғы Киров) атты үш аудан біріктіріліп, Мақтаарал атты іріленген ауданның құрылғанына да 17 жыл өтті. Осы уақыт ішінде ауданды 5 әкім басқарды. Қазір алтыншы әкім отыр. Есеп беру жиналысына келгенде солардың бәріне де «аудан атауындағы қатені түзетсеңіздер» деп талай рет өтініш айттық. Әкімдердің уәжі мынадай болып келеді: «Астанадағы талай қасқабас ғалымдардың алдынан өттік, олар «Жарлықтағы жазу – дұрыс!» деп шешіп отыр».

Қазақ тілінің жанашыры болған соң осы даулы түйткілдің шешімін іздеп, 6-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығын ақтардым. Ондағы «Біріккен сөздер» деген тақырыпта: «Біріккен сөздер әрқашан өз түбірін сақтап, бірге жазылады», – делініпті.

Біздің ауданның аты да «мақта» және «арал» деген екі түбірден тұрады. Екеуі біріккен соң, «Мақтаарал» болмай ма?

Елімізде біріккен сөздерден тұратын аудан, станса, елді мекен атаулары аз емес. Солардың ішінде алғашқы түбірі дауысты дыбыспен аяқталып, екінші түбірі дауысты дыбыспен басталатын біріккен сөздердің бірнешеуін мысалға келтірейік.

Аудандар: Жаңаарқа, Сарыарқа, Сарыағаш.

Стансалар, елді мекендер: Қандыағаш, Жаңаөзен, Жолдыөзек, Сарыөзек, Қараөзек, Қараөткел, Талдыапан.

Аудандық мекемелердің кіреберісіндегі тақтайшаларда қазақша «Мақтарал ауданы» деп бір «а» әрпімен жазылса, орысшасында «Махтааральский район» деп екі «а» әрпімен жазылып тұр. Сонда қазақ тілі жөнінен бізден гөрі орыстар сауаттырақ болғаны ма?

Әкімдіктің құрылтайшылығымен шығатын аудандық газет «Мақтаарал» деп аталады. Бүкіл республикалық басылымдар да, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті де солай жазып жүр. Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында ойнайтын жергілікті футбол клубының аты да – «Мақтаарал». Сонда әкімдік неге елден бөлектеніп, бір «а»-ны «қысқартуға ұшыратып», «Мақтарал» болып отыр?

Шамасы, бұл – әкімдердің сауатсыздығынан болмаса керек. Олардың «Мақтарал» деген атаудан айрылмай отырған себебі – 1997 жылы Елбасы қол қойған Жарлықта солай, яғни, бір «а» әрпімен жазылған. Бұлардың бір әріпті қосудан қорқып отырғаны – «олай етсек, Президент Жарлығына қарсы шыққандық болмай ма?» деген үрейдің әсері сияқты. Жарлықты да кәдімгі өзіміз сияқты адамдар әзірлейді ғой, солардың бірінің жіберген қатесі үшін қазақ тілінің нормасын жоққа шығаруымыз керек пе?

«Ештен кеш жақсы». 17 жылдан бері келе жатқан қатені түзеп, аудан атауына тағы бір «а» әрпін қосуға, сөйтіп, тіл заңдылығын қалпына келтіруге әлі де болады.

Әбдіғаппар СЫБАНБАЕВ,

Қазақ тілінің жанашыры, зейнеткер.

Нұрлыбаев ауыл округі, «Ынталы» ауылы,

Мақтаарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы».

Әбдіғаппар ақсақал өз хатын алдымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А. Мырзахметов мырзаның атына да жолдаған екен. Көп ұзамай оған Оңтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасынан мынадай жауап келіпті:

«Сіздің облыс әкімі А. Мырзахметовке жазған өтінішіңізге сәйкес төмендегіні хабарлаймыз:

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 24 сәуірдегі №3474 Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысында Асықата, Жетісай, Мақтаарал аудандары таратылып, Мақтарал ауданы құрылғаны баршаға аян. Топонимикалық атауларды берер кезде олардың транскрипциясына да мән беріліп отырылады.

Қазақ тілінде біріккен сөздердің ішінде кірігіп, яғни, фонетикалық тұлғасын өзгертіп, пайда болған жалпы және жалқы есімдер бар екені белгілі. Мысалы, алтатар (алты+атар), саптаяқ (сапты+аяқ), босағаттар (босаға+аттар), т.б. Тіл білімінде дыбыстардың түсіп қалуы, жылысуы гаптология терминінде қарастырылады. Мұнда қатар келген буындардың немесе дыбыстың ассимиляция салдарынан түсіп қалуы дәлелді мысалдармен берілген. Мысал ретінде топонимдер мен антропонимдердің жазылуын алайық: Өмірзақ (өмірі+ұзақ), Торайғыр (торы+айғыр), Дәметкен (дәме+еткен), Қожахмет (қожа+ахмет), Ұлмекен (ұл+ма+екен), т.б. Жоғарыда мысал ретінде келтірілген сөздердің барлығына назар салып қарасаңыз, орфографиялық сөздіктерде біріккен сөздердің алғашқы сөзінде соңғы дауысты дыбыс түсіріліп жазылған.

«Мақтарал» – (мақта+арал) деген екі сөзден бірігіп, бір топонимикалық атауға ие болып тұрған аудан аты. Дыбыстардың комбинаторлық өзгерісінде дауысты дыбыстар біріккен сөздерде қатар келсе, бірі фонетикалық өзгеріске ұшырап, түсіп қалады. Бұл жерде алғашқы буынның соңғы «а» дыбысы түсіріліп, айтылуы және жазылуы – заңдылық. Бұл туралы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, ономаст ғалым Б.М. Тілеубердиев «Аудан атының сын көтермейтіндей қателігі жоқ, дұрыс жазылған» деген тұжырым жасаған. Б. КӨМЕКБАЕВА, басқарма басшысы».

Өкінішке қарай, Тілдерді дамыту басқармасының басшысы мысалдарды тек кісі аттарынан ғана келтіріпті де, топонимдерге байланысты нақты жауап бермепті. Яғни, «Сарыағаш па – Сарағаш па? Сарыарқа ма – Сарарқа ма? Сарыөзек пе – Сарөзек пе?» деген мәселеге мүлде тоқталмаған, тіпті, еш бас қатырмаған десе де болады. «Мақтаарал» – топоним ғой, оны «саптаяқ», «Қожахметтермен» салыстырудың қажеті қанша? Өйткені, антропонимге (кісі аттарына) қатысты тілдік нормалар топонимге (жер-су атауларына) сәйкес келе бермейді. Әлде Көмекбаева ханым бұл екеуінің ережесін ажырата алмай ма?

Сөзімізге дәлел іздеп, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика секторының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республиксы Мемлекеттің сыйлығының лауреаты Телғожа ЖАНҰЗАҚ ақсақалға хабарластық. Даулы мәселе жөніндегі тарата айтып, тәптіштей түсіндіріп бердік. Оқырманның хатын да, оған Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының қайтарған жауабын да оқыттық. Сонда қарт профессордың айтқан уәжі мынадай болды:

– Қазақ тілінің емле ережелері бойынша біріккен сөздерден құралған топонимдердің жазылуында қос сөз де өзінің бастапқы түбірін толығымен сақтайды. Екі дауысты қатар келгенде де олардың ешқайсысы түсіп қалмайды, бірге жазылады. «Сары-Арқа» деп арасына сызықша қойып жазатындар бар, «Сары арқа» деп бөліп жазып бүлдіретіндер де кездесіп қалып жүр, бірақ, оның бәрі – қате. Дұрысы – «Сарыарқа».

«Мақтаарал» да сол сияқты. Мұнда «а» әрпінің екеуі де жазылуға тиіс, ешбірі де түсіп қалмауы керек.

Шамасы, кейбіреулер антропонимге тиесілі заңдылықтарды топонимге де әкеліп теліп жүрген сияқты. Рас, кісі аттарына келгенде заңдылық бөлек: мұнда қатар келген қос дауысты дыбыстың бірі екіншісіне жұтылып, түсіп қалады. Әлгі маманның «Қожахмет», «Дәметкен» деп келтірген мысалдары өте дұрыс. Бірақ бұлар – антропонимдер.

Ал «Мақтаарал» – топоним. Топонимдердің жазылу ережесін жаңа айттым: қатар келген қос дауыстының ешбірі түсіп қалмайды, бірге жазылады. Демек, қазақ тілінің емле заңдылықтары бойынша, дұрысы – «Мақтаарал».

* * *

Қалай болғанда да, біздіңше, тіл білімі ғылымының білгірі дерлік ақсақалдың сөзіне құлақ қойған жөн секілді. Мақтаарал ауданының басшылары да осындай шешімге келетін болар деп үміттенеміз. Расында да, мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығында кеткен бір әріптік қана қателікті түзетуде тұрған ештеңе жоқ шығар?..

http://rgmedia.kz/news/view/1037

24-09-2014

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ
РЕСМИ САЙТЫ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ
ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

"ДАРЫН" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

"МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ - ИНДУСТРИЯҒА"
БАҒДАРЛАМАСЫ